Тағы да тіл...

Тіл – халық қазынасы, рухани байлығы. Тіл – халықтың жаны. Демек, қазақ тілі – қазақ елінің жаны, асыл діңгегі. Тіл – еліміздің айнасы Тәуелсіздігіміздің тұғыры. Әрбір қазақ азаматы үшін қазақ тіліне деген шексіз махаббаты жүрегнің түкпірінде сақталуы тиіс. Ол – тілді сақтау, қорғау дегеніміз. Қазақ тілі – әлемдегі алпыс мыңға жуық тілдің ішіндегі қолдану өрісі жағынан жетпісінші, тіл байлығы мен көркемдігі жағынан алғашқы ондықтар қатарында. Сондай-ақ, дүние жүзінде ауызша және жазбаша тіл мәдениеті қалыптасқан алты жүз тілдің және мемлекеттік мәртебеге ие екі жүз тілдің қатарында тұр.
Тіл: Тағы да тіл...
Осынау мәребеге ие қазақ тілі асқақтай беруі тиіс. Бірақ… Халық санасының төмендігі ме, әлде салғырттығы ма, мемлекеттік тілге деген сұраныс, өкінішке қарай, төмен. Біріншіден, неге біз өз отанымызда жүріп, өз емес, өзге тілді білуге ұмтыламыз? Көшеде ағылшын тілінің кітаптарын арқалаған, күбірлеп сөз жаттап жүрген жастар біршама. Осы күнге дейін қазақ тілін дәл солай дәріптеп жүргендерді көрмедім. Олардың ойынша «Өз тілім ғой, білемін». Бірақ қаншалықты дәрежеде «біледі», сол шала-шарпы сөйлеген күйінде жүре бермек пе? Олар мұны бірінші өзекті мәселе ретінде талдай қоймас. Өйткені қазіргі таңда мемлекетімізде, кешіріңіздер, дәріптеліп жатқан ана тілі емес, өзге тілдер! Мысалы, мемлекеттік әкімшілік лауазымға өту үшін тапсырылатын емтиханда сіз заңды жатқа білуіңіз керек. Бірақ мемлекеттік тілден емтихан тапсыру міндетті емес. Бұл не сұмдық? Өзі мемлекеттік лауазым болса, мемлекеттік тіл керек емес дегендері ме? Лауазымды кісілердің бәрі қазақша сайрауы тиіс дейді. Ойбай-ау, олар сол жұмысқа кірерде мемлекеттік тілді білу деңгейі төмен болса, қайдан сайрайды? Сондай-ақ, кез-келген қызметке орналасу үшін, ағылшын тілін жетік меңгеруіңіз керек. Сондықтан, айтып кеткенімдей, баршамыз сол ағылшын тілін жақсы білсем дейміз. Өз басымдағы жайды айтайын. Ағылшын тілі сабағына барғанымда, әрине, тек ағылшын тілінде қарым-қатынас жасаймыз, әртүрлі деңгейдегі тапсырмаларды орындау үшін сол тілде ойлау қажеттілігі туады. Өзім ана тілімді бір кісідей білемін деп санаймын. Алайда сабақтан соң қайта қазақ тілінде сөйлеу қиындық туғызады. Тілім күрмеліп, сөздердің орнын ауыстырып ала берем. Біреу сұрақ қойса, алдыменен ағылшынша жауабы сақ ете қалады. Бұл өзге тілде ойлау деген сөз ғой. Өз-өзімнен тұла бойымды қорқыныш сезімі буады. Біз – жас ұрпақ, солай ойлаймыз. Ал бізден кейінгілердің жайы не болмақ? Олар «Мен қазақпын, ана тілім – қазақ тілі» – деп мақтанышпен айтуларына неғайбіл? Жанымды ауыртатын тағы бір мәселе – неге біз өзге тілдерді үйренуге сонша құмармыз? Ал біздің тіл ше?! Дәл біздің тілді білуге құштар шетел азаматтары бар ма екен? Бар болса, бар шығар. Әттең, сапасыз сөздіктер-ай! Неге біздің ұялы телефонымызда «орыс –ағылшын сөздігі» бар да, «қазақ – ағылшын сөздігі» жоқ? «Орыс – қазақ сөздігі» болғанымен, оңып тұрғаны шамалы. Бір күні «қазақ – орыс» сөздігін ақтарып отырып «гулять–гөляйттау» деген сөзге тап болдым. Қайдағы «гөляйттау?» Шет елдіктер дәл солай қабылдап, жаттап алады емес пе? Міне, тілдің бүлінуі осыдан шығады. Жаңағы жазбаны көргенде, бұлқан-талқан ашуландым. Менің ана тілім – қазақ тілі. Оның сөздік құрамы өте бай. Оған мың тізімдік сөз, мың фразеологиялық тіркес – барлығы мың лексикалық бірлік кірген бір ғана он томдық «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі» айқын дәлел. Осынша бай ана тіліміз бола тұра, соншалықты сапасыз сөздіктер неге қанат жайып барады? Неге қазақтар қазақша сөйлемейді? Неге ана тілімізді әрқайсысымыз жоғары дәрежеде білмейміз? Кемшіліктермізді саусақтап санағанша, білекті сыбанып, күш жұмылдырып күресуіміз керек!
Менің тілім – қазақ тілі. Мен үшін әлемдегі ең бай, кіршіксіз таза тіл. Ол мен үшін әрдайым бірінші орында болды, лайым бола бермек. Өз басым, ана тілімнің тұғыры үнемі биік болуы үшін барымды салып қызмет етемін. Бір ғана адамның күресуі, тырысуы аз. Сондықтан да айналамдағыларды да дәл солай тілімізді сақтауға, дәріптеуге, үйренуге шақырамын.

2 пікір

AlimaMusataeva
Дұрыс айтылған сөздер! Сізге шығармашылық табыс тілеймін! Жазбаларыңызды асығумен күтетін боламын!
zhanar_ganikyzy
Сиздерге унаганына куаныштымын. Арине, алда кызыкты макала жазуга тырысамын. Коп рахмет

Пікір қалдыру