Қазақ тілін дамытуды әуелі өзіңнен баста

Дәстүрлі бұқаралық ақпарат құралдарын алып қарайық. Оның ішінде қазақ тілді газет-журналдар мен теле-радио хабарлар. Барлығында ұлт, дін, тіл, діл туралы жоқ дегенде бір мәселе қозғалады. Қызыл тілмен көсіле жазған автор, өз мақаласында (баяндамасында) қазақ тілінің қазіргі жағыдайы жаман, өліп барамыз деп ышқынып қалады. Аталмыш жазба жарияланады, мәселе халық пен билікке жеткендей болады. Арада аз уақыт өткен соң ел есінен шығып, ұмытылып кетеді. Әлгі автор сол мәселені қайта көтеріп, тағы да шу шығарады. Осылай жалғасып кете береді. Нәтижесі «Ноль». Қазақ тілінің дамуы туралы мәселе тәуелсіздік алған алғашқы жылдары көтерілген болатын. Содан бері арада қанша жыл өтті. Құлаған экономикамыз қалпына келіп, дамудың сара жолына түстік. Ал тіл мәселесі сол тұралап қалған қалпында қалды. Жазғыштар жазудан, айтудан жаңылмады. Сәйкесінше бұл тақырыптан халық жалығып, ондай дүниелерді оқымайтын дәрежеге жетті. Жауыр тақырып атанды. Расында бұлар ең өзекті дүниелер, бірақ нақты іспен емес құр сөзбен көтеріліп жатқандықтан қадірі қашқан. Мұнымен қалай күресуге болады? Әуелі бос аттан мен құр айғайдан арылу керек.

Ғаламтордағы қазақ тілі

Блог - tomarlik: Қазақ тілін дамытуды әуелі  өзіңнен бастаЖоғарыда айтып өткеніміздей, ана тілімізді дамытуда бос аттаннан пайда жоқ. Мәселен қазақ тілінің жай-күйі туралы қазақ тілді газетке жазып көтерудің пайдасы қанша? Ұлттық мүддеге пысқырып қарамайтын кейбір шекпенді ағаларымыз, ана тілімізде жарық көретін газетпен санасады, оларды оқиды деп ойлау асылық болып шықпай ма? Сондықтан нақты қадамдарға барып, тіл дамытуда өзімізден бастайық. Ол үшін не істеу керек? Егер тілді қалай дамыту керек екенін білмесеңіз, тым құрығанда айналаңыздағылармен қазақша сөйлесуге тырысыңыз. Оған көңіліңіз жақпаса қолыңыздан келетін бір шаруаны қолға алып, нақты қадамдарға барғаныңыз жөн. Мәселен, ғаламтор бетінде қазақша ақпараттар аз. Әсіресе википедияда. Бұлда бір кездері біраз шу болып, жазғыш ағайындар газетте мәселе көтерген болатын. Шешімін тапқан шенеуніктер емес алайда. Қолынан іс келетін азаматтар. Барлығын санамалай бермей, өзім білетін бір жігіт туралы айтып өтейін. Есімі барлықтарыңызға жақсы танымал болуы керек. Қазақша уикипедияның әкімшісі Данияр Тәжімбет деген жігіт. Менен бір жасқа кіші, 94 жылғы азамат. Мектепте оқып жүргенде бір өзі укипедияға жүз мақала салыпты. Қазір сол дүниелер талай ағайынның кәдесіне асып жатыр. Ал енді ойлап көріңізші. Тіліміз дамымай артта қалды деп қазақ газетінде жылауық «жүз» мақала жазған, сол үшін айлық алған жазғыштың еңбегі зор ма? Әлде үндеместен үйде отырып алып, елге пайдасы тиетін һәм ғаламторда қазақ тілінің дамуына үлес қосатын «жүз танымдық мақала» жазған жас баланың еңбегі зор ма?

Қазақша сыйлық
Блог - tomarlik: Қазақ тілін дамытуды әуелі  өзіңнен бастаТағы да сол тіл мәселесі. Өткенде респудбликалық басылымдарды ақтарып отырған едім. (Негізгі мамандығым журналист болғандықтан басылымдарды қарап отыратын әдетім бар). Бір ағамыз көлдей мақала жазыпты. Айтқан сөзі сол баяғы жылауық тақырып. Ұлттық мүде аяқ асты болды, тіліміз өліп барады. Мереке қарсаңында қазақ тілінде жазылған ашық хаттар емес орыс тілділер көптеп сатылады. Қазақы нақышта жазылған кәдесыйлар жоқ… Солай деп кете береді. Бұл бос сөздерден тілдің дамуына қаншалықты пайдалы? Осы мақаланы жазған автор, мәселені басқа қырынан танып ұлттық нақыштағы дүниелер шығарып жүрген жігіттерге қолдау көрсетуге шақырса жөн болар еді. Мәселен, өткен блогерлер құрылтайында Қарағандылық қыздардың жігіттерге ұсынған сыйлығы қазақша күнделік болған еді. Оны жасап шығарған, Қарағандылық Айбек деген жігіт. Болашақпен сонау Лондонда оқып келіп, қазір Қарағанды қаласында жұмыс жасап жатқан жайы бар. Қазақ қыз-жігіттерінің басын қосып шамасы жеткенше ағылышын тілін үйретуде. Одан бөлек, наурызға сыйлық ретінде күнделік дайындатты. Орыстардікі тәрізді емес. Қазақ жыл санауы бойынша 23-наурыздан басталады. Әр бетінде ұлт тұлғаларының қанатты сөздері жазылған. Ұлттық нақышта бейнеленген. Достарыңызға ұялмай естелік ретінде сыйлыққа ұсынуға тұрарлық дүние.

P/S: «Өзіңнен баста» деп санамалап жаза берсем кете беретін түрім бар. Өмірге теріс жағынан қарамай, басқаша қырынан қарап көрейікші? Неге біз тек жаманын көреміз? Егер позитив іздесек ол табылып қаладығой. Сондықтан кез-келген дүние туралы теріс пікір қалыптастырардың алдында «Мен не істедім?» деп ойлаған абзал тәрізді.
Мен не істедім? Дәл қазір мақтанышпен айтуға тұрарлық еш нәрсе істемеппін. Колледжда металлург мамандығында оқып жүрген кезімде, қажетті дүниенің барлығы орыс тілінде болған еді. Соны қазақшаға аударып, орысша түсінбейтін достарыма беріп жүрдім. Кейін келе жинақталған дүниелерді ғаламторға жариалады. Бар бітірген шаруам сол. Сіз не істедіңіз?

0 пікір

Пікір қалдыру