Ақиқаты анықталмаған Тәуекел хан тұсындағы қазақ-орыс қатынасы

«Ұранымыз алаш, керегеміз ағаш» деп өмір сүрген қазақ халқының қатпарлы тарихында небір тарихи деректер бар. Оның бізге жеткендерінен бөлек беймәлім, әлі де зерттеу қажет тұстары баршылық. Биыл қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойы. Иісі қазаққа қажет ұлық мерекенің қарасаңында тарихшылар қауымы бұл айтулы мерекеде өз үлестерін қосуы қажет деп санаймын. Себебі тарихи бұрмалаушылық, зерттеуді қажет ететін кейбір деректер тарихшылардың елегінен өтуі қажет. Осыған орай, қазақ тарихында өзіңдік орны бар Тәуекел хан туралы қаузалған тақырыбымды жұртшылық назарына ұсынғым келеді.
Тарих: Ақиқаты анықталмаған Тәуекел хан тұсындағы қазақ-орыс қатынасы
Қазақстан мен Ресей арасындағы қатынастар белгіленген құжаттардың бастапқы тізімі Федор Ивановичтің Тәуекел ханға 1595 жылы Мәскеу патшасының қол астына қазақтарды қабылдау туралы Грамотасынан басталады. Ал, Мәскеу мемлекетінің тарапынан мұндай позицияны қалай түсінуге болады? 1595 жылы орыс патшалығы қазақ ханы Тәуекелді қол астына кіргізу идеясы қайдан пайда болған? Орыс-қазақ қатынастарын зерттеген тарихшылар осындай шетін мәселені қозғамай және бұл міндетті болуы тиіс құбылыс ретінде қарастырған.

Бұл қандай да заңның бұзылғаны немесе хронологиядағы қателікті көрсету мақсатында баяндалып отырған жоқ. Қазақтардың Ресей мемлекетінің қол астына кіруінің заңды рәсімделуі мейлі XVI ғасырдың аяғы, немесе XVIII ғасырдың 30 жылдары болсын әйтеуір ол жүзеге асқан. Бұл жерде бір құбылыстың әдейі алдын-алған саяси-әрекеттің өзінен-өзі белгілі болуы күмән тудырады. Онда тәуелсіз қазақ ханына оның қол астына кіруін және оның бұйрықтарын орындауын талап етуі, сыртқы жаулардан қорғауға уәде беруіне дәлелді негіздері болуы тиіс. XVI ғасырдың аяғында Мәскеу мемлекетінің сол кездегі сыртқы және ішкі жағдайын есепке алатын болсақ, қазақтарды қол астына кіргізу туралы мәселені көтеруге қауқарсыз болатын. Өйткені аталған мерзімде орыс патшалығы швед, поляктармен соғысып жатқан болатын және билік үшін ішкі талас-тартыс күшейіп тұрған кезеңмен сәйкес келеді. Қай жағынан қарасаңда 1595 жылы Орыс патшасының Федор Ивановичтің қол астына кіруін талап етуіне ешқандай негіз болмаған, ал Тәуекел ханның оны өтінуі мүмкін емес. Бұл кезеңде Тәуекелдің Орталық Азияның саяси сахнасында атағы асқақтап тұрған кезеңмен тұспа-тұс келіп отыр.

Сонымен, бұл құжаттың пайда болу тарихы турасында айтсақ. Оның түпкі нұсқасы былай: 1594 жылы қаңтарда қазақ ханы Тәуекел орыс патшасы Феодор Ивановичке Құлмұхаммед бастаған өзінің елшілігін жібереді. Оған Қазақ хандығының Бұқармен күресінің шиеленісіп, екі мемлекеттің арасындағы саяси қарым-қатынастардың нашарлай бастауы себеп болды. Қазақ елшілігінің алдына бірнеше міндет қойылды. Олар: Бұхар ханы Абдолла және Сібір патшасы Көшіммен күресте, орыс мемлекетінің әскери көмек беруін және соғыста қолданылатын от қару сұрайды. Сондай-ақ негізгі мақсаты өзінің немере інісі Ораз-Мұхаммед сұлтанды тұтқыннан босатып алу болған. Оның үстіне Тәуекел өз елшісі арқылы Орыс патшалығынан Қазақ хандығын қол астына алуын өтінген. [Казахско-русские отношения в XVI-XVIII веках: Сб. документов и материалов. — Алма-Ата, 1961. — С. 40. Далее: — КРО-1.]. Бірақ қазақ елшісі Құлмұхаммедтің Мәскеуде жүргізген келіссөздеріне қарағанда, Қазақ ханы Тәуекел Мәскеу мемлекетінің қол астына алуды өтінгенде, Қазақ хандығының саяси тәуелсіздігін мүлдем жою деп түсінбеген. Қайта, Бұқар және Сібір хандықтарына қарсы күресу үшін әскери одақтасу ретінде қарағаны көрінеді. Бұл кезеңде ойраттардың (қалмақ) бір бөлігі Тәуекел ханға бағынды. Тәуекел хан Мәскеуге жолдаған хатында өзін қазақ пен қалмақтың патшасы деп атаған. Барған елшілігінде Құлмұхаммед бек осында жатқан Иран елшісі Ғади бекпен танысып, ортақ жау – Бұхар ханы Абдоллаға қарсы күрес туралы келіссөздер жүргізіп, күрес шартының негізін салады. Бас уәзір Борис Годунов екі елшіліктің еркін жүздесуіне жағдай жасап береді.
Тарих: Ақиқаты анықталмаған Тәуекел хан тұсындағы қазақ-орыс қатынасы
Енді қазақ ханы Тәуекелдің Орыс мемлекетінің қол астына алуын сұрағандағы себебі туралы сөз қозғалық: Біріншіден, 1588 жылы Батыс сібірде Данил Чулков Сібір хандығының қыпшақ билеушілерінің династиясынан шыққан Сейд-Ахмед пен қазақ сұлтаны Ораз-Мұхаммедті тұтқынға түсіреді. Онымен бірге оның әжесі Шығай ханның әйелі Ондан сұлтанның анасы Ази патшайым да болған. Алтын ханым Ондан сұлтанның әйелі, Ораз-Мұхаммедтің анасы, Тәуекелдің үлкен жеңгесі және екі немере қарындастары Бақтыханым және Күнханым болған. Олардың барлығын тұтқындап, Данил Чулков мәскеулік сарайға әкелген, және ұзақ жылдар бойы оларға құрмет көрсетілген. [Султанов Т.И. Поднятые на белой кошме. Потомки Чингиз-хана. – Алматы, 2001]. Қадырғали Жалайыр өзінің «Шежірлер жинағы» атты еңбегінде Шығай ханның үш әйелін ерекше атап өтеді. Біріншісі – Байым бегім. Одан Сейдқұл сұлтан, Ондан сұлтан, Алтын ханым; Екіншісі – шағатайлық Яқшым бегім. Одан Тәуекел хан, Есім хан, Сұлтан; Үшіншісі – Бұрындықтың қызы Дадим ханым. Одан Әлі сұлтан, Сұлұм сұлтан, Ибрахим сұлтан, Шахым сұлтан деген ұлдары болған. Соған қарағанда, Тәуекелдің орыс тұтқынан өзінің туған-туыстарын құтқару ойымен, қол астына алу туралы өтінішін білдіруі мүмкін. Бұл туралы белгілі тарихшы М.Вяткин 1588 жылы Қазақ ханы Тәуекелдің інісі Ораз-Мұхаммедті орыстардың тұтқындағаны туралы және сол үшін 1594 жылы орыс патшасына Тәуекел ханның елші жібергендігін жазады. Автордың айтқанындай: «Шын мәнінде Құлмұхаммедтің келуінің себебі сұлтан Ораз-Мұхаммедті тұтқыннан босату еді», — деп, екі ел арасындағы дипломатиялық байланыстың сыртқы саясаттағы ірі оқиға екендігін атап өтеді. Екіншіден деректерге көз тастасақ, Ораз-Мұхаммед пен қазақ елшісі Құл-Мұхаммедтің арасындағы 1594 жылы Мәскеудегі сарайда сұлтанның жайындағы сұхбатында: “Бізге саған патшаның оң қабақ танытатыны және барлығының қосылуын қалайтыны туралы хабар естідік. Сенің орныңа Тәуекел ханның ұлын жіберген күнде ғана босатады деп естідік”. Елшінің хабарды «естідік» деген сөзі орыс елшілерінің тікелей ұсыныстарынан кейін айтылып тұр және думалық орыс шенеуніктер тарапынан қысым көрсетілгені көрініп тұр. Тәуекел ханның елшісінен өз еріктерімен Мәскеу патшалығының қол астына кіргізуге қол жеткізгісі келетіні көрінеді. Ораз-Мұхаммед келген елшіге: “Федор Иванович ұлы мәртебелі және сенімді патша, оған көп адамдар қызмет етеді, бізде оның қол астына кіруіміз керек екендігін менің Тәуекел ағам түсінбейді”. Елшінің оған берген жауабы: “Егер Тәуекел хан оны қаламаса мені мұнда жібермес еді”. Орыс патшалығының қол астына кіргісі келеді деген сөзді қара әріпен жазамын. Өйткені ханның мұндай шешімі ерікті емес, тек қысым көрсетілуі арқылы болуы мүмкін деген болжамым бар.

Орыс патшалығына барған елшілік Тәуекел хан күткендей нәтиже берген жоқ. Орыс патшасы ыңғайлы кезеңді пайдалана отырып, қазақ хандығын қол астына кіргізуге итермеледі. Оның бұйрығы бойынша Бұхара билеушісімен және Сібір ханы Көшіммен соғысуға міндеттейді. Ал, Тәуекелдің немере інісі Ораз-Мұхаммед сұлтанды елге қайтаруды өтінген тілегіне орыс патшасы оның орнына баласы Үсейін қожаны аманатқа жіберген жағдайда ғана босата алатынын білдірген. Орыс үкіметі Ораз-Мұхаммед сұлтанды Қазақ хандығы мен Мәскеу арасындағы қатынастарды нығайтуға жәрдем етеді деп санаған. Қазақ ордасына орыс патшалығының шешімі бойынша Вельямин Степанов бастаған орыс елшілігі жіберілетін болып белгіленді.

1595 жылы 28 наурызда Мәскеуден шыққан патша елшілері сол жылдың 30-мамырында Тәуекел ханның ордасына жеткен. Патшаның берген сыйлықтарын елші аман-есен табыстайды. Хан оны жақсы қабылдап, қонақжайлық танытады. Қазақ ханымен келіссөздер жүргізуден басқа орыс елшісі В.Степанов қазақтардың санын, олардың негізгі кәсібін, әскерлерінің құрамымен қару жарақтарын, қалмақтар және басқа да көршілес мемлекеттермен қарым қатынастарын біліп, осылар жөнінде патша өкіметіне түгелдей мәлімет беруге тиісті болатын. Бұл секілді деректер Ресейдің басқа елдермен қарым-қатынас орнатуда аса қажетті деп тұжырымдалады.
Орыс елшісінің Тәуекел ханмен жүргізген келіссөздері, негізінен, екі мәселенің төңірегінде болды. Бірінші — қазақ-орыс әскери одағын құру, екінші — Қазақ хандығының Ресей қол астына қарауы туралы болды. Кері қарай елшілер 1595 жылы 30 шілдесінде қайтады. Олармен бірге Мәскеуге Тәуекел ханның баласы Мұрат және елші Құлмұхаммедпен оның қасында үш адам жол тартады. Құжаттарға қарағанда, Мәскеу мемлекеті Қазақ хандығын қол астына қарау туралы өтінішіне ризашылықпен қарап, оған әскери көмек көрсетуге әзір екендігін білдірген. Дегенмен сол уақытта Қазақ хандығына әскери көмек көрсетпеді. Тәуекел хан ешқандай көмексіз Бұхар билеушісін өз күшімен жеңе алды.
Сібір тарихын зерттеген тарихшы А.Миллердің «Международное положение Казахстана во второй половине XVI века» атты ғылыми мақаласында екі ел арасындағы байланыстар біршама талданады. Автор қазақтардың көрші ноғайлар мен шайбанилермен Хақназар, Шығай, Тәуекел хандар тұсындағы халықаралық қатынастарын зерттей келіп, 1594-1595 жылдары қазақ-орыс қатынастарын талдап, ол кезеңде алшақта жатқан Ресей қазақтарға шынайы көмек көрсете алмағанын атап өтеді. Автор 1594-1595 жылдарғы қазақ-орыс қарым-қатынастарының уақытша аяқталуына байланысты Тәуекелдің орыс елінің қол астына кіргісі келмегенімен түсіндіреді. Әрине, мақалада сол кезеңдегі саясатқа жат, хандардың тарихи тұлғасы мен олардың қазақ халқының басын құру үшін жүргізген күресі тоталитарлық жүйенің идеологиясына қарама-қайшы келеді.

Қазақ ордасының қайраткерлері Мәскеу мемлекетінің сыртқы саясатын біржола таниды. Бұқарға қарсы күресте тек өз күшіне сену керегін байқайды. Қалыптасқан жағдайда қамқорлық туралы мәселе жөнінде келісімге келу мүмкін болмай шыққанымен, дипломатиялық қатынастар, сондай-ақ, сауда байланыстары жалғаса берді. Неге екені белгісіз, Ораз-Мұхаммедтің орнына жіберген Тәуекел ханның ұлы Мұратқа не болды, және екі тараптан жасалған талпыныстар неге үзілді, ол туралы сол кезеңде, кейін де зерттеушілер ауыз ашпайды.

Шындығын айтуға тиіспіз, кешегі кеңестік билікке келген уақытта XVI ғасырдың аяғындағы қазақ-орыс қарым-қатынастары арнайы түрде жүйелі зерттелмеді. Оған себеп: деректер мен фактілердің шектеулігі, орыс мұрағаттарына қазақ халқының мүддесін білдіретін құжаттардың жолатылмауы.

Сондықтан, күні бүгінге дейін орысшыл тарихшылармыз тарихи кітаптарды жасырып, Тәуекел ханды да Ресейге бодан болған деп бұрмалап келеді. Қазақ хандығы әскери одақ жасасқан елдердің боданы болыпты дегенді тарихта естімедік. Демек, тек қазақ ханы ғана емес қалмақтың да ханы атанған Тәуекел ханды, Ресейге бодан болды деу ұлттық танымымызға жат, тұғырлы тарихымызға қолдан жасалған «қастандық» деп білемін.

Дәулет ЕСЕНОВ,
Қызылорда қаласы, «Болашақ» университеті тарих факультетінің 3-курс студенті.

0 пікір

Пікір қалдыру