Менің миллионым -2

«2» деп қойғаным – Қоңырбайдан кейінгі осы тақырыптағы екінші жазба дегенім. Қызық қой, «Әр кәлләда бір қиял», миллионды кім қайда жұмсар еді?

«Блогтаймға» қалай келдім?
Өзім «Блогтайм» сайтына ойламаған жерден тіркелдім. Динара Болаттың бір жазбасына пікірімді қалдыра қояйын десем, тіркеліңіз дейді. Тіркелгендердің бәрі жазба қалдыра алатынын да дереу байқадым. Негізі интернетпен қатынасымыз аса тығыз емес еді, сол жолы қалай тез «қаққанымды» білмеймін. Ол кезде блогмарафон жайлы да әңгіме жоқ еді. «Хоош» деп өзіме жақындау тақырып – бет күтіміне қатысты алғашқы аудармамды салдым. Орыстілді сайттардан, өз тәжірибемнен жинақталған материал – «Көктемде бет күтіміне бей-жай қармаңыз» болды. Бет күтімі, сапалы косметика жайлы ақпаратты үнемі орыс тілінде іздеймін. Қазақша іске алар ештеңе таба қоймайсың. Соны ойладым, бір жағы. Сөйтіп қыз-келіншектерге әрдайым қызықты әрі қажетті күтінуге, сұлулыққа, сәнге байланысты айдар қажет екен деп түйдім. Данияр Жанысқа айтып едім, ол кісі ұмытып кетіп, зарықтырып барып «Сұлулық сыры» деген айдар ашып берді. Содан соң «Сулылық сыры» гүлдене бастады. Қазір 14 жазбасы, 35 жазылушысы, 4,9 деген рейтингі бар «солидный» блог болып қалды.

Интернетке тәуелділікке шалдықтым (Жеңіл түріне).
Содан соң, Фейсбук әлемін өзіме қайта ашқаным бар, Инстаграмға тіркелгенім бар, Вконтактеде достар тапқанымбар, Мой мирды қимай жүргенім бар, өз қолымнан шыққан шимайымды сайттан көре алатын болғаным бар — компьютерге байландым, қысқасы. Екі бала, күйеу, үй тірлігі… Бәрі ысырылып, көз алдыңызға тек Фб елестей берсе; Тамақ пісіріп жатсаң да тыңқ еткенге «пікір айтқан кім болды екен?» деп қалтафонға жабыса кетсең; Түнгі чаттарға пікір қалдырмай жата алмасаң; Біреу сап-салмақты әңгімесін айтып отырғанда, сен телефонға қарап отырып ыржың ете қалсаң; Интернет өшіп қалғанда үйге сыймай кетсең; Бәрін жіпке тізбей-ақ қояйын, бірақ осындай белгілерді байқасаңыз, ғаламторға тәуелділікке шалдыққаныңыз. Мен ауыра бастадым. Асқындырмай аурудың бетін қайтарып үлгердік бірақ. (Күйеуім көшіріп жіберді). Қазір тәуірмін, көңіл сұрамай-ақ қойыңыздар. )) Әр істің қайыры бар емес пе. Сүзектен тұрғандай болып комптың алдынан тұрған соң реалды өмірдің бояуларын бар болмысыңмен сезінеді екенсің. Айдаладағы «досыңның» «достарымен» қырылысып, «тағы не деді екен?» деп ойлаааап жүргенше, ынты-шынтыңмен сериал көрген артық па деп қалдым. Әлеуметтік желіде болғаның жақсы, жалпы трендтен қалмайсың әйтеуір, бірақ көгенделіп қалудың қажеті жоқ екен. Торға шырмалып қалудан сақтаныңыздар.

Тақырыпқа қайта оралсақ...
Блогиаданы қызықтап жүргенде, «Блогмарафон» жайлы хабарландыру шықты. Шарттары біртүрлі жеңіл көрінгенмен, шын мәнінде қиын екен. Ешқандай шектеу жоқ, ерінбегеннің бәрі тіркеліп, жамырай жаза береді. Бұл — жас сайтты жарнамалауға, оқырман жинауға жақсы мүмкіндік, ақылды қадам. Сайт бастықтарының басы істейді екен, ал менің ше? «Қарадүрсін бәйгеге қатысайын-ақ, бірақ желтоқсанға дейін көкжұлын болып өлмеймін бе?» деп ойладым. Бір ойым — «Жұрттың баласынан кемсің бе, қатысып көр, миллион мүмкін саған бұйыратын шығар»… Қысқасы, біздің бақ та сынға бір түссін деп шештім. Алғашқы он күндіктің қорытындысында бірінші орында тұр екенмін. Мұндайды күтпеп едім, қатты қуандым. Ең көп қаралған жазбам — «Талғамсыздықтың тоғыз белгісі»(жарнама деп ойлап қалмаңыз). Әке-шешеме телефон соғып, оқырманым болуға шақырдым. Интернетпен «сіз» деп алыстан сыйласатын мамам «сенің арқаңда компүйтершік болдым» деп жүр енді. Інімнің де тұрақты оқып, пікір қалдырып тұрамын деген сөзін алдым. Мына жақтан енем, абысыным мен қайным бар. Құрбым да құлақтанды. Қысқасы, ет жақындарыма пікір түрінде салық салып қойдым.

Әлі бірінші орында тұрмын
Сөйтіп, екінші апта нәтижесі бойынша тағы бірінші орында тұрдым маңдайым жарқырап )) Бұл жолғы рейтінгімнің жоғарылауына сақалды қыз бейнесіндегі сақалсыз еркек — Кончита Вурсттыңеңбегі сіңді-ау. Еуробайқау аяқталған соң таңертең ерте «Евроньюс» арнасынан жеңімпазды көрсетіп жатыр екен. Түріне таңданып қалдым, ғаламторды ашып жіберсем сол, анадай біреу екен жеңіске жетіп жатқан. Не де болса елді елең еткізер жаңалық қой деп, бірнеше суретімен екі-үш ауыз сөйлем жазып блогқа сала қойып едім, сол күні 400-ге тарта адам қарап, жиырма шақты пікір қалдырды. Сенсация деген осы шығар («Еуробайқау жеңімпазы – әйел бейнесіндегі еркек» деген жазба еді). Сөйтіп, жиырма төрт күн бойы бірінші орында тұрған жайымыз бар. Бірақ ертеңгі көрсеткіштен үмітім жоқ. Бұл жолы басқа біреу бірінші орында тұрып көретін шығар. Өзім Шынар Әбілда алға шықса екен деп ойлаймын. Жазбалары ұнайды. Санжар Керімбайды оқимын. Сосын тақырыбы қызықтыларды. Жалпы, біздің ұстаздар «жақсы тақырып-жарты мақала» дейді. Бәрін оқып отыруға уақыт жоқ. Әрі оқуға тұрмайтын тым нашар жазбалар да кездесіп жатады. Сол үшін де бұл сайтқа алғыс айтуымыз керек шығар. Қалағаныңды жаза аласың. Қалағаныңша. Ешкім ұрыспайды, қой демейді. Кейде тіпті модераторлар жазбаңмен бөлісіп, таратып отырады. Қолдануға ыңғайлы, қате жіберсең кейін түзетіп қоюға болады дегендей. Не де болса ғаламтордың қазақтілді қоры толығып жатқаны анық.

Кім мені аяқтан тартты екен?
Бірнеше күн бұрын «АДАМДАР» деген жалпы рейтінгте құлдырап кеттім. Біреу дизлайк ұйымдастырды. Көңіл-күйім біраз түсті, несін жасырайын. Айтайын дегенім, біреуді өшіргенше өзіңді өсіруге тырысу керек емес пе. Күнде бірнеше материал жаз, достарыңа тарат, сондай рейтінгің өзі-ақ көтеріледі. Бұл сайыста қажымай-талмай еңбектенген адам жеңімпаз болады. Ал жар астында жатып алып, жұрттың еңбегін еш ету адамгершілікке жатпайтын шығар. Дегенмен, әркімнің өзіне шақ санасы, жетістікке жету тәсілі бар ғой. (Қияға қыран да жылан да шығатыны туралы мақал ше...)

Миллион ұтып алсам...
Ыы… Кредит жабамыз ба… Бірақ ол бәленің тісінің арасында қалады ғой менің миллионым… А, миллион емес, мен тоғыз жүз мың аламын. Жеңіп алсам, бір жүзін қайныма беремін деп айтып қойғанмын. Достарды шақырып дүрілдетіп атап өтетініміз бар ғой, айтпақшы. Содан қалған ұтысымды кредитке беріп қор қылайын ба? Жоқ, ондай ақымағың мен емес. Қыдырамыз, шетел асып. Әлде енеме бір, шешеме бір алтын комплект әперсем бе екен? Күшті бір шуба да алу керек еді… Әй, осы бас жүлде аздау ғой деймін. Миллионға тағы біраз қосасыздар ма? Жетпей қалайын деп тұр ғой?

Қорытынды орнына
Желтоқсанның жиырмасына дейін кім бар, кім жоқ. Басы бос, уақыты көп жастар талмай жазып, мәреге жететін шығар. Өзімнің уақытым аз, бала-шағадан бөлек той-томалағым, жұмысым бар. Шама-шарқымша жазуға, ондыққа ілігуге тырысамын сонда да. Миллионнан да дәмем жоқ емес, дегенмен оңай жатқан олжа жоқ екенін түсініп қалдым. Армандаңыздар, ұмтылыңыздар! Барлықтарыңызға сәттілік, шабыт, жеңіс тілеймін!
Психология: Менің миллионым -2

20 пікір

qonyrbai
Бала шағамен қыста жылы жаққа саяхаттап қыдырған жақсы шығар :)
KuralayRaisova
… дееп қиялдап қоям ғой мен де ))))
Nur-SeitTurkestan
Shyn juyrik pen enbekkor alsin.
AidaKhametzhanova
шын енбеккор алсын деген Нурекенин созине косылам! дал осы жолы бас жулдени Куралай алуы керек екенин де жасырмаймын, жолдастар! Куралайды — 2 баланын анасы, аяулы жар, жаксы адам деп кана емес каламы карымды журналист деп билемин, олай болса казахтын осы бир жаксы кызын колдап жибереик! Тун жарымында колдагы баласын тербетип отырып жазганын талай кордим.., жолын болсын, курбыжан!
KuralayRaisova
Айка, баяғыда «Суперстар-кз» алғаш басталған кезде "Ұлым дейтін ұлт болмаса, ұлтым дейтін ұл қайдан болады?" Бір баламызды қолдан жіберейік, ағайын!" деп жанары мөлтілдеп тұрып аһ ұра сөйлеген бір апайдың сөзі есіме түсіп кетті ))) Сол секілді ді сен де шырылдапсың ғой тура. Ниетіңіе рахмет, бұйырған адам алар. Бастысы, жазбағандар жазып үйренеді, жазатындардың қаламы ұшталады, тілектес, ниеттес достар табылады. Ал ең еңбекқордың жүлдеге жететіні анық. Себебі сайыс сол еңбекке ғана негізделіп құрылған негізі.
AlimzhanAskarov
негізі қызық тақырып, бірақ қазір ақша деп көөөп адам жиналады да қалады. Блог жайында білетін бар, түсінбейтіні бар (мысалы мен)). Осындай тақырыпта бір адам «лайк» жинау үшін жетімдер үйіне немесе қарттарға берер едім демесе екен, десе де, шын жүректен айтылса. Сәттілік!
gul
«Талапты жетер мұратқа»деген ғой.Талабыңа нұр жаусын,Қуралай.
BatyrMusaev
Машина алатын едім. Қандай болса да, бір бұтартар керек боп жур
ERNUR
Kuwti zhazypsyz. Sattilik tileimin! Milliondy utyp alsanyz kaiyrymdylyk korynda umytpagaisyz)
KuralayRaisova
Иә, ол да ойда бар. Миллионға кім жетсе біраз бөлігін қайырымдылыққа беретін шығар.
BerikKarataev
mende mashina alatin edim)))
SandugashBaymakhankyzy
Ниетіңе жет, Құралай!!! Біз де қолдан келгенше атсалысамыз ғой ;) Ал шынтуайтына келсек, қатысушылар арасынан жеңімпаз атануға бірден бір адам өзің деп білем. Жазбаларыңның тақырыбы саналуан, тілі жатық. Сәттілік тілеймін, қысқасы!
KuralayRaisova
Рахмет, Сандуғаш апай!
BekmuratBekbolatuly
достар ниеттеріңе жетіңдер
Daniyar_Zhanys
Сұлулық сырын мен аштым ба десем, Нұрлан екен ғой. Ә ә ә ә…
KuralayRaisova
)) Қателесіп жазып қойыппын ғой. Кешірерсіз. Түзетіп қоямын.
Daniyar_Zhanys
Жарайды, тұра берсін )))
KuralayRaisova
Өзгертіп қойдым )

Пікір қалдыру