Мен үшін соғыс біткен жоқ!

Психология: Мен үшін соғыс біткен жоқ!
«Біз жақсы өмірге жету үшін күресіп едік… Ал қазір адамдар бәрін қирату үшін барын салуда».
Белі бүкшиген, ұзын арық кемпір. Шүңірек көз. Бажайлап қарасаң, суалған жанарынан кемпірдің кезінде өңді адам болғанын аңдауға болады. Қасынан бір елі қалдырмайтын баласы бар. Ол бір аю. Аздап жетіспейтінге ұқсайды. Ауру болмаса, елуді еңсерген еркек анасының етегінен ұстап жүруші ме еді? Екі ағаштың арасын қоршаулап қойып, алақандай жердегі көкке адам аяғын бастырмай аңдып жүреді. Бес тал шөпті неге сонша қоритынын қайдам. Сондағысы ұзыны екі, көлденеңі бір-ақ метр болатын жер.
Бір күні жаңбыр құйды. Біздің аулалар қайбір тақтайдай дейсің. Жоғары жақтан ағып келген судың бәрі ұңғыл-шұңғылға жиналып, көлшік болып қалады. Шелектеп төкен жаңбырдың астында біздің Родина Родионовна жүр, баласымен. Қолдарында бір-бір бақыр. Шалшық суларды аулаққа тасып жүр. Үсті-бастары малмандай. Терезеден қарап күлеміз. Төбеден жаңбыр құйып тұрғанда, жердегі суды қасықтап тасып жүргені несі деп…
Кеше күн ерекше жылы болды. Балаларды ойнатайын деп сыртқа шықтым. Родина әже де отыр екен, арқасын қыздырып. Баласындай емес, ол кісі сөзшең. Жолап кетсең әңгімені ағытады. «Құстарға қарап отырмын» деді. «Тамақтарын жеп алсын. Мен кетіп қалсам, бала-шаға тас атып үркітеді. Баланы солай тәрбиелеуге бола ма екен? Тірі табиғаттың бәрін жақсы көру керек қой...» Алыстан сығалап қарайтын көздеріне мейірім тұнып тұратынын бұрын байқамаппын. Бұл кісімен бұрын әңгіме-дүкен құрып көремесем де, қаражаяу емес, саяси сауатты, көзі ашық адам екенін білемін. «Осы жердің шалшық суымен неге алысады дейсің? Ол сумен қаншама қоқыс, зиянды заттар келеді. Мына балақайлар қолдарын малып, кешіп ойнайды. Оларды аяймын...» Күліп тұратынымыз есіме түсіп, ұялып кеттім. Біз жыртыңдап тұрғанда… Жып-жылы үйінде отырмай, айдаладағы біреулердің баласы үшін суық жаңбырдың астында жүреді екен ғой. «Ағаштарды көрдің бе? Қиқы-жиқы. Жайқалып тұрған жоқ». Тура есіктің алдындағы ағаштың жанынан күнде өтсем де бір байқамаппын ғой. Бұтақтары құрғақ, тарбиып тұр. Әр жерден бір көгергені болмаса, шынымен жақалып тұр деуге келмейді. « Ал бұларды отырғызғаныма жиырма жеті жыл болды. Ұқсай ма? Неге білесің бе? Мынау тұрған трансформатор. Үйлердің қақ ортасында электр тұйықталған. Сондықтан бұл маңның радиобелсенділігі өте жоғары. Адамдары әлсіз, өсімдіктер өспейді. Бұл аулаға ит-мысық та келмейді. Байқайсың ба?» айналасы бес-он минуттың ішінде өзіме қаншама жаңалық ашып отырған мен не дейін. «Жас балаларға обал. Бұл маңнан қашу керек сендерге. Тіпті үйдегі теледидарды да лақтырып тастаңдар. Ал вай-фай дегенді мүлдем қолданушы болмаңдар. Онсыз да түкке жарамайтын экологияда өмір сүріп жатырмыз». Әжей жоғары саяси және медициналық білім алған, елу жылдық еңбек өтілі бар екен. Еңбек ері. Отыз бес жыл жедел жәрдемде жүрген. Алматыда ол кірмеген пәтер жоқ. Алматыңыз не, бұл әжем бүкіл жер жүзін шарлап шығыпты. Сол кездегі үкімет бұл кісіні арнайы оқуға, білім көтеру курстарына, машықтануға, тіпті курортқа демалуға да тек шетелге жібереді екен. Қалған он бес жылы осындағы психиатриялық аурухананың бас дәрігері қызметінде өткен. Психиатр, терапевт, хирург, анастезиолог, рефлексолог, құдай-ау қандай дәрігер түрін білесіз, барлығының білімі бір өзінде бар көрінеді. Қазір өз бетіммен су-джок-терапияны меңгеріп жүрмін дейді. (Жасы сексенде). «Біздің кезде дәрігер бесаспап болатын. Адамның түріне қарап диагноз қоя алатын едік. Қанға сараптама жасауға да үйретті бізді. Өткенде бір қан тапсырып едім, лаборант қыздың қан құрамын қалай санап бергенін көріп жағамды ұстадым. Қазіргі медициналық мамандар біз жеткен жетістікті төмендетті».
Родина әжейдің білмейтіні жоқ. Мұнайдың бағасын да, девальвация ауанын да, әлемдегі саяси ахуалды да… Бұл кісінің қазақтар туралы көзқарасын білгім келді. «Бүкіл әлемді шарладым дедім ғой. Бірақ дәл сендердей жұмсақ халық көрген емеспін» дейді. (Мұны комплимент емес, кемсіту деп қабылдаған жөн-ау). Ташкентте кешкі жетіден соң көшеге шықпайтынбыз. Себебі орыс болғанымыз үшін ғана өлтіріп кетулері мүмкін еді. Жалпы, әлемнің көп елінде орыстарды жақтырмайды. Бізді ұнатпайтындарын білеміз… Ал қазақтардың ортасында ондай жағдай ешқашан болған емес. Тіпті қазақша сөйле деп те айтпайсыңдар… Ал біз қазақша білеміз. Біздің үйде он екі қазақ тілін үйрететін оқулық бар. Бәрін оқып шықтық. Балам да жақсы түсінеді. Қажет болса сөйлер еді».
Сексенге келдім деп семіп отырған апам жоқ. Қазір зағиптардың құқын қорғушы екен. Айтпақшы, баласы екінші топ мүгедегі, көзі тек жарықты ғана айырады. Бірақ қайсар шешесі ешкімнен кем қылмай өсіріпті, тіпті жалпы мектепке апарған. Қолынан жетелеп апарып, алып қайтады екен. «Ең болмаса жұрт секілді боқтауды үйренесің деуші едім» дейді өзі…
«Нұротанмен» кездесуге жылда барады. Халықтың мұңын жеткізушілер аз болғандықтан, Родина әжей жиналыстардан қала алмайды. Барған сайын «Не істеп отырсыздар?» деп сұрайды екен. «Саған өтірік, маған шын, олар маған жауап бере алмайды. Себебі мен олардың сылдыр сөзіне сенбеймін, бірден дәлел, факт талап етемін». Тарифтер өскен үстіне өсіп барады, азық-түлік қымбаттаған үстін қымбаттап барады, мардымсыз зейнетақының үш пайызын өздері жымқырып қалудың тәсілін де тапқан… Жоқ, олардың халыққа жаны ашымайды» деп бір түйді әжей.
— Қазір билікте отырғандар – біз өмірлерін құтқарып қалғандар. Соны білесің бе? — Мен түсінбедім.
— Соғыстан кейін өте қиын заман болды. Жағдай құлдырап кетіп еді. Ел ұзақ жылдар бойы есін жия алмады. Небір аурулар да етек алды. Сонда біздің қалай еңбек еткенімізді білесің бе? Оо, жоқ, сен мұны елестете алмайсың. Себебі ондайды ешқашан көрген емессің. Жұмыс істедік, оқу оқыдық және бір де бір ішкіш, бір де бір нашақор, бір де бір жезөкше жоқ еді! Біз 1976 жылға дейін талай аурудың тамырын қиып, мүлдем жойған едік. Ал қазір соның бәрі қайта қаулап кетті… Біз жақсы өмірге жету үшін білек сыбанып күресіп едік. Ал қазір бәрін қирату үшін адамдар барын салуда. Тіпті күлкім келеді.
— Ал менің еш күлкім келмейді…
— Әрине, сен қайдан күлесің. Сен әлі осы өмірде тіршілік етуің керек қой. Біздің өмір қанша қиын болса да, пейілі таза, пиғылы адал адамдардың өмірі еді. Әлде соғыстың жақсылығы сол болды ма екен. Не де болса болса, сол кезде жасағаныма қуанамын қазір, — Әженің есіне бойжеткен күні түсті ме, бәлкім махаббаты, әлде достары елестеген шығар, әйтеуір жұмсақ жымиып, алысқа қарап қалды. Үнсіздікті менің шыдамсыздығым бұзды:
— Соғыстың жақсылығы болушы ма еді?
— Неге болмасын? Айттым ғой. Соғысты көргендер бейбіт өмірдің қадірін біледі. Ал сендер одан алыстап кеттіңдер. Менің соғысым тоқтаған жоқ әлі. Әлі соғысып келемін. Әділетсіздікпен, Адамдар үшін…
Менің үнім біржола өшті. Бұдан басқа да көп әңгіменің басы шалынды. Бәрін тізбелеп уақытыңызды алып қайтемін. Айтайын дегенім, әжейдің мейірімді жүрегіне, өмірсүйгіштігіне тәнті болдым. Лайықты құрмет көрсете алмай жүргенімізге ұялдым…
Психология: Мен үшін соғыс біткен жоқ!

8 пікір

gul
Ой салар-ак шығарма екен.
BerikKarataev
Осындай ақылды орыстың кемпірін бірінші рет естідім. бізідң көршілер ұсақ бала-шағамен алысып отырады, жақтырмай.
ZhannaHametzhanova
Мен де жек көрем орыстың кемпірлерін.
AydanaTneybaeva
Еліміз тыныш болсын. Балаларымыз жыламасын, азаматымыз аман болсын.
KulyandaJanateva
Иә, соғыстың беті аулақ.
BatyrMusaev
Біздің жігіттер осындай заманда өмір сүріп жатқанына куану керек. Өзіме заманым унайд
KairatBaiturov
BatyrMusaev aitkanina kosilam osindai tinish zamanda omir suruim unaid…

Пікір қалдыру