САҒАН

Жүрегіңнен жаныма түскенде арай,
Сілкіп тастай аламын күшпен қалай?! — Шашың қалып шашылған жастығыма,
Жасың қалып оңаша ішкен талай.

Ғашық жүрек жетпеді оты көпке,
Сырт көздердің сынынан өтіп ек не, — Ернің қалып ернімді иеленген,
Шердің қалып табы аздау көкіректе.

Тауқыметке дәл мұндай салмады ешкім,
Шаттығы да шайқалды алма төстің, — Сызы қалып жайсыздау тиген кездің,
Ізі қалып бір жүрген талма кештің.

Жан сарайын алғанмын біле кімнің,
Солғын тартып тұрғаны-ай гүл өңімнің, — Көзің қалып көшірген көңіліме,
Өзің қалып төрінде жүрегімнің.

1 пікір

Muktybek
Аға, неге екінші қатар мен үшінші қатарды бөлмегенсіз?

Әйтпесе, өлеңіңіз керемет

Пікір қалдыру