Блогтайм стандарты


Блог Жазу Нұсқаулығы


BLOGTIME.KZ блогтұғырында жазба жазу стандарттары
Құрметті, блогер! Бүгінгі күні қазақ интернеті ұлттың зияткерлік әлеуетін көтеруге, мемлекеттік тілдің өрісін кеңейтуге, ортақ ақпараттық жүйеде байланыс жасауға зор мүмкіндік туғызып отыр. Қазақ тілі интернеттің тіліне айналды. Дегенмен, кейде интернеттегі сауаттылық мәселесі назардан тыс қалып жатады. Ал тілдік норманы бұзып ақпарат жариялау, қарым-қатынас жасау – тілдік санадағы «дұрыс графикалық портретті» бұзып, «бұрыс графикалық портреттің» орнығуына ықпал етеді. Уақыт өте келе интернет арқылы өзгеріске ұшыраған сөз өскелең ұрпақ санасында ұлттық тіл мәдениетінің нормаларын ластауы мүмкін. Сондықтан қазақша контент ішкі мазмұндық, сапалық жағынан жетілуі керек.
Өз ойын сауатты әрі мәдениетті жеткізу, ең алдымен, жеткізушінің екінші тарапқа деген қатынасын, жеке басының әдептілігін, сонымен қатар оның ұлттық тіл алдындағы жауапкершілігін білдіреді. Сондықтан, құрметті Blogtime.kz блогерлері, жазар сөзіңізге назар аударып, сауаттылық және сөз этикеті мәселелерін естен шығармағаныңыз дұрыс. Осыған орай, Сіздерге BLOGTIME.KZ блогтұғырында жазба жазу стандарттарын ұсынып отырмыз. Іске сәт!

I. ҚҰРЫЛЫМДЫҚ СТАНДАРТТАР
1. Жазба жазудың 6 қадамы
1-қадам. Тақырып таңдау. Жазбаны бастамас бұрын, блогтұғырға түсіретін ойыңызға сай, оның мазмұнын ашатын тақырып қойыңыз.
2-қадам. Ойды жинақтау. Сол мәтінге қойылған тақырыпқа сәйкес, ойыңызды жинақтаңыз.
3-қадам. Ретке келтіру. Қай ойыңызды қалай және қай жерде қолданатыныңызды тәртіппен (алғашқы ой қайда жазылады, келесі ойды қайда жазатыныңызды) ретке салып алыңыз.
4-қадам. Шимайлау. Мәтіннің абзацы мен жазбаны толық жазып, бүкіл ойыңызды сайтқа түсіріңіз.
5-қадам. Контенттің құрылымына шолу. Жазған шимайыңызды дауыстап немесе ішіңізден толық оқыңыз. Қай жеріне көп ақпарат салғаныңызды байқап, қажетсіз деп санаған бөлікті, сөйлемді, сөз тіркестерін немесе сөздерді алып тастаңыз.
6-қадам. Жазбаны қорытындылау. Мәтінді әбден сүзгіден өткізіп, тексеріп, өңдеп болған соң, грамматикасын, пунктуациясын қарап шығыңыз. Жазбаның логикалық байланысын реттеп, қорытындылаңыз.

2. Жазбаның құрылымы
Корпоративтік блог BlogTIME CORP: BLOGTIME.kz дамыту жолдары және 2-тапсырма

II. ЛИНГВИСТИКАЛЫҚ СТАНДАРТТАР
1. Орфографиялық норма
1. Блог жазу үдерісінде қолданылатын сөздер дұрыс жазылуы керек. Жарияланған ақпараттағы әрбір сөздің талапқа сай жазылуы соңғы 2007 жылы жарыққа шыққан орфографиялық сөздікке, терминдік лексика Мемтерминком тарапынан бекітілген терминдер тізбесіне негізделуі тиіс. Мысалы, «рақмет» деген сөздің өзін әлі күнге дейін «рахмет» деп қате жазып жүрміз, т.с.с.
Орфографиялық сөздіктің сілтемесі: http://mtdi.kz/audarmashyga-komek/sozdikter/orfografia
2. Төл графемаларды (ғ, ң, қ, ұ, ө,) орыс графикасындағы таңбалармен алмастырып таңбаламау қажет.

2. Пунктуациялық норма
Тілімізде тыныс белгілері туралы ережелер нақтыланған, бұл тұрғыда даулы мәселе жоқ деуге де болады. Алайда біздің тәжірибемізде тыныс белгілеріне қатысты мәселе үнемі назарға алынады дей алмаймыз:
1. Тақырыптан кейін нүкте қойылмайды;
2. Дефис пен сызықшаның айырмасын ажырата біліңіз;
3. Сөйлем басында келетін ал, бірақ, сондықтан шылауларын қыстырмамен шатастырып, үтірдің қойылуы дұрыс емес;
4. Саналу ретін білдіретін реттік сан есімдердің жазылуындағы ала-құлалық. Реттік сан есімдер санмен жазылған жағдайда, араб цифрынан кейін дефис қойылуға тиісті, бұл -ыншы, -інші жұрнағының орнына жұмсалатын тыныс белгісі. Бірақ араб сандарымен тіркесіп келген ай, жылдың жазылуында бұл заңдылық сақталмайды (25 МАМЫР, 2014 ЖЫЛ), реттік сан есімдер рим санымен таңбаланған жағдайда, ешқандай тыныс белгісі қойылмайды. Мысалы: V бөлім
5. Мемлекеттік басқару органдары, министрліктер, мекемелер мен ұйымдар, оқу орындары атауларының алғашқы сөзі бас әріппен жазылады: Мысалы: Пайдалану департаменті, т.б
6. Әскери және ғылыми атақтар, ғылыми дәрежелер кіші әріппен жазылады: профессор, академик, техника ғылымдарының докторы, Қазақстан Республикасы ҰҒА корреспондент мүшесі, доцент;
7. Қысқарған сөздерге қосымша жалғанған жағдайда орфоэпиялық норма басшылыққа алынады: ТМД (айтылуы: ты-мы-ды), демек, ТМД-ның, ТМД-ға; АҚ (айтылуы: а-қы,) демек, АҚ-ның, АҚ-ға.

3. Стилистикалық норма
Көпсөзділік сөйлем мағынасын күшейте алмайды. Қысқа жазуға дағдылану – жазу өнеріндегі ізденіс пен тәжірибе нәтижесі.
ПЛЕОНАЗМ – біріңғай немесе мағыналық жағынан жақын сөздердің орынсыз қолданысы. Сөйлемнің мағынасын толықтыруға пайдасы жоқ сөздердің қайталануы – ойды дәл жеткізуге кедергі келтіреді.
ТАВТОЛОГИЯ – сөз мағынасының дыбыстық құрылымы бойынша біркелкі сөздердің қайталануы. Мысалы: кәрі қарт, шынайы шындық, балғын сәби, т.б. Ең жаманы – логикалық тавтологиялар. Жаңа ғана айтылған ойды өңін айналдырып қайталау.
Стилистикалық жағынан дұрыс қолданылмаған тавтология жазу мәдениетін бүлдіреді, сөйлемдегі сөздердің әсерін кемітеді. Бұл автордың не аудармашының сөздік қорының жұтаңдығын және үнемі жаттанды сөздерге, тіркестерге дағдыланғанын көрсетеді. Тавтологияның 2 түрі бар: 1) мағынасы және дыбысталуы жағынан өзара жақын, яғни бір түрлі сөздер немесе бір сөздің негізсіз бірнеше қайталануы; 2) мағынасы жағынан жақын, бірақ дыбысталуы бойынша әртүрлі сөздердің қайталануы.

4. Аударма мәселесі
Аударма – кез келгенге сыбаға ретінде беріле салмаған, тілдік түйсігі терең дарын иесінің сыйы саналатын шығармашылық өнер. Тынбай, талмай еңбек етуді талап ететін кәсіп.
Негізгі ұстанымдар:
1. Ықшамдылық. Аудармашы көп сөзді болмауы керек, ойлары барынша ықшамды және мәнерлі түрде мазмұндалуы тиіс.
2. Айқындылық. Аудармада тілдің жеңілдігі аса қажет. Қабылдауға қиындық туғызатын күрделі және екі ұшты оралымдардан бас тартқан жөн. Ой қарапайым әрі айқын, баршаға түсінікті тілмен жеткізілуі тиіс.
3. Әдебилік. Аударма әдеби тілдің жалпыға бірдей тұтастай нормасына сай жасалуы қажет.


III. ТЕХНИКАЛЫҚ-КӨРКЕМДІК СТАНДАРТТАР
SEO (Search Engine Optimization) – сайттың іздеу жүйелерінде алдыңғы қатарда болуына көмектеседі. Әр жазбаға қатысты тегтер (кілт сөздер) міндетті түрде қойылуы керек.
SMM (Social Media Marketing) – сайтты әлеуметтік желілер арқылы дамыту, жарнамалау. Бұл жерде әр блогер өз жазбасын әлеуметтік желілерге дұрыс және нәтижелі бөлісу керек. Әлеуметтік желілерде бөлісудің түрлері:
- құрғақ бөлісу: әлеуметтік желіге жазбаның тек сілтемесі ғана салынады;
- пікірмен бөлісу: жазбаға қатысты өз ойыңды жазып, сілтемені бөлісу;
- тақырыппен бөлісу: жазбаның тақырыбы және сілтемесі салынады;
- плагиндермен бөлісу: әр жазбаның астында орналасқан әлеуметтік желілердің плагиндерін басу арқылы бөлісу;
- суретпен бөлісу: жазбаға қатысты суретті салып, сілтемені бөлісу
- үзіндімен бөлісу: жазбаның ішіндегі қызық бір үзіндіні алып бөлісу

Құрғақ бөлісудің үлгісі
Корпоративтік блог BlogTIME CORP: BLOGTIME.kz дамыту жолдары және 2-тапсырма

Пікірмен бөлісудің үлгісі
Корпоративтік блог BlogTIME CORP: BLOGTIME.kz дамыту жолдары және 2-тапсырма

Тақырыппен бөлісудің үлгісі
Корпоративтік блог BlogTIME CORP: BLOGTIME.kz дамыту жолдары және 2-тапсырма

Плагиндермен бөлісудің үлгісі
Корпоративтік блог BlogTIME CORP: BLOGTIME.kz дамыту жолдары және 2-тапсырма

Суретпен бөлісудің үлгісі (Плагинмен немесе басқа да бөлісудің түрлерінде сурет бұлай үлкен әрі анық көрінбейді)
Корпоративтік блог BlogTIME CORP: BLOGTIME.kz дамыту жолдары және 2-тапсырма

Үзіндімен бөлісудің үлгісі
Корпоративтік блог BlogTIME CORP: BLOGTIME.kz дамыту жолдары және 2-тапсырма

Контент
Шрифт. Әр жазбаның шрифті қарапайым болуы шарт. Үлкен тақырыптар H3 өлшемдегі шрифте, кіші тақырыптар H4 өлшемдегі шрифте болады.
Сурет. Әрбір жазбада тақырыпқа сай кемінде бір сурет болуы міндетті. Әр түрлі смайликтерді, графикалық суреттерді орынсыз қолданбауыңызды сұраймыз.

Сондай-ақ, міндетті түрде, жазбаны жазып болған соң, оның негізгі бас бетте тұратын суретін таңдаңыз.
Корпоративтік блог BlogTIME CORP: BLOGTIME.kz дамыту жолдары және 2-тапсырма

ЕСКЕРТУ: Әр жазба бас бетке осы жазба жазу стандарттарына сай бас бетке шығарылады.