Дәрігерлердің әлеуметтік жағдайы

Бүгінгі қоғамда мемлекеттік қызметте істейтін әрбір азамат айлықтан айлыққа қарап өмір сүріп отыр десек, қателеспеген болар едік. Ал кейде айлық табыс бір отбасыны асырауға да жетпей жатады. Оған қоса азық-түлік бағасы жыл санап өспесе, төмендеген емес. Бұл жағдай адам жанының арашасы ақ халатты абзал жандарға да қатысты мәселе. Дәрігерлердің жалпы алғанда мемлекеттік қызметкерлердің жалақысын көтеру жыл сайынғы талқыға түсіп отыратын әлеуметтік мәселелердің бірі болса керек.


LIVE BLOG: Дәрігерлердің әлеуметтік жағдайы

2014 жылы маусым айында «Нұр Отан» партиясы жанындағы жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің отырысында ҚР бұрынғы Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекованың мәлімдеуінше еліміз бойынша дәрігерлердің орташа еңбекақысы – 140 мың теңге болса, орташа деңгейдегі дәрігерлердің айлығы 80 мың теңгеден асады екен. Сонымен қатар осы орайда ақ халаттылардың ең төменгі айлық көрсеткіші 45 мыңнан төмен екенін де ескеруіміз керек. Сол қаражатты табу үшін де күні-түні аянбай еңбек етіп жүргендері қаншама. 45 мыңнан төмен айлық қала түгілі ауыл дәрігерлерінің өмір сүруіне, отбасын асырауына жетпейді. Мәселен күнделікті азық-түлікке, балаларының керек-жарағына, киім-кешекке, коммуналды қызметтерге, кейде пәтер жалдауға кететін шығындар жалақының бағасынан да асып түседі.

Ал шетел де ше?
Көршіміз Ресей дәрігерлердің жалақысы төмен деңгейде деп дабыл қағады. Олардың орташа айлық есебі — 26 мың рубль, яғни 104 мың теңге. Ал төменгі көрсеткіш 13,2 мың рубль 52 мың теңге. Білікті хирургтар 60 мың рубльге дейін айлық алады. Жалақысының төмендігінің салдарынан дәрігерлердің көбі басқа саланы таңдап кетуге мәжбүр. Соның әсерінен кадр жетіспеушілігі белең алып бара жатқаны байқалады. Ал Америка дәрігерлерінің жағдайы мүлдем бөлек. Америкада «Форбс» журналының рейтингісі бойынша жалақысы жоғары мамандықтардың үздік ондығының қатарында дәрігерлер тұр. Бұл елде хирургтар мен анестезиологтар 16-17 мың $ (3млн.) табыс табады. Ең аз табыс көзі отбасылық дәрігерлерге тиесілі, олар айына 14,5 мың $ алса, терапевт және педиатрлар – 15 мың $. Ал дәрежесі жоғары білікті хирург-ортопедтер айына 43 мың $ жалақыға қол жеткізеді. Медицина саласы жақсы дамыған Германия жайлы айтып өтпесек болмас. Бұл елде айына тіс дәрігерлері — 53021 еуро, хирургтар – 70344еуро, психиатрлар – 63 026 еуро, отбасылық дәрігерлер – 54 612 еуро көлемінде жалақы алады. Ал медбикелер, санитарлар мен ассистенттердің айлық табысы жылына 60000 еуро.

LIVE BLOG: Дәрігерлердің әлеуметтік жағдайы

Әрине алдыңғы қатарлы дамыған елдермен біздің жағдайды салыстыруға келмес. Дегенмен біздегі дәрігерлердің айлық табысы төмен. Шет елдерде дәрігерлік оқуды оқып жатқан мамандарға барлық жағдай жасалып, әлеуметтік жағдайлары жан-жақты қамтылған. Тіпті әр маман өз саласы бойынша міндетті түрде басқа елдерге шығып тәжірбие алмасып, біліктілігін жетілдіре алады. Бізде тіпті дәрігерлік оқудың ақысын қарапайым халықтың қалтасы көтере бермейді. Жалақының төмен болуынан дәрігерлер Америка, Германия, Франция тағы басқа да еңбекақысы жоғары шетелдерге қоныс аударуға мәжбүр. Дәрігерлік асқан жауапкершілікті қажет ететін мамандық. Бұл мамандықта мүлт кетуге болмайды. Соның салдарынан болар, әлемде әлі де 2 млн. дәрігерлік кадр жетіспейді екен.

Медицина — ең күрделі сала. Сол себептен де бұл мамандықта тек білікті қызметкерлер ғана жұмыс істей алады. Адамның жаны алдымен Алланың, содан кейін ақ халатты абзал жандардың қолында екенін естен шығармайық.

0 пікір

Пікір қалдыру