Аруақты ата - Аманбай

Кітап Battle: Аруақты ата - Аманбай
Шыны керек, Аманбай ата туралы Бейнеуге келгеннен кейін ғана естідім. Жақында қолыма «Аруақты Ата — Аманбай» деген 2009 жылы «NOBEL» баспасынан шыққан кітап тиді. Авторы – Ислам Мырзабекұлы мен Тәжіназар Шадықұлұлы. Ислам Мырзабекұлы «Бекет Ата» имандылық-тағылым кітабының авторы ретінде көпке танымал, өзі Бекет Атанаың ұрпағы болып келеді.
Аманбай Ата Қосқұлақта (Адайдың бір тақтасы) Бекет атадан кейін зайырлылық қасиетімен аты аталатын адамдардың бірі. Алдағыны болжайтын көріпкел, емші болған.
Кітап 3 бөлімнен тұрады:
1. Амабай ата туралы әңгімелер
2. Жыр арқауы – Аманбай ата
3. Тоғызақ шежіресі

Ата туралы негізгі дерек осы бірінші бөлімде келтірілген. Дегенмен үш бөлімге де тоқталып кетейін:
Кітап Battle: Аруақты ата - Аманбай
Аманбай ата туралы әңгімелер
Бұл бөлім үш тараудан тұрады. Бірінші тарауда Т.Шадықұлының «Ақ перзент» атты повесть-эссе жазылған. Екінші тарауда Аманбай ата туралы мөлтек әңгімелер келтірілген. Ал үшінші тарауда шәкірті Ешман Есенбетұлы туралы айтылады.
Жетемісұлы Аманбай ата 1850 жылы қазіргі Атырау облысының Жылой ауданы аймағындағы Жем бойында дүниеге келген. 7 жасында Ескелді Төлеген сұпының ақ батасын алған екен. Аманбай атадан ұрпақ жоқ, себебі ол үйленерде шымылдық ішіндегі қалыңдығымен сөзге келіп қалған да: «Аманбай енді саған жоқ», — деп ашуланған күйі атына мініп кете берген. Содан әйел алып, шаңырақ құрмаған. Негізінен жақын туыстарының үйінде болған. Әйтсе де бар өмірі ел аралаумен өткен кісі екен. Тілімен айтқаны болып, көзімен атқаны өлген, болжампаз кісі болған.
Қазіргі Атырау облысы аймағына қарасты Сағыз стансасы орын тепкен маңайдағы жаз жайлауда отырған елге Аманбай ата келіп: «Бүгін-ертеңнен қалмай қыстауға көшіңдер. Әйтпесе мал қырылады, өздеріңе де оңай болмайды», — деп кетіп қалады. Жұрт күздің басы болғанмен жайма-шуақ ауа райына қарап: «Әзірге күн жылы ғой, не қылар дейсің» деп көшпей қалады. Екі күннен кейін ауа райы нілдей бұзылып, аяқ астынан күн суытып, түнімен жауған қар айналаны басып тастап, ауыл жұтқа ұшырайды. Осы 1914 жыл ел жадында жұт жылы болып есте қалды. Кейін Есмағамбет Мекеұлы осы оқиғаға байланысты «Жұт қоян» деген толғау жазған:
… Айтып еді сол кезде,
Қосқұлақ шайхы Аманбай:
«Сең соққан сынды сенделіп
Биыл қыс қатты болад – деп
Ағар, — деп жасың сел болып!»
Қасиетпенен есептеп.
Қайырылған пенде аз болды,
Ғалымның сөзін пәм көріп.
Қатесін көрмеу өзінің,
Ол да пәмсіз пенделік.
Ғұламаның сөзіне
Айтса да қанша сенбедік…

Халық арасында жүргенде үнемі адамгершілік қасиеттерді уағыздап жүрген, адалдықты ту еткен. Ниеті түзу емес адамдардың үйіне қонбай, таныс-бейтаныс, ақ-адал жандардың ғана үйіне таңдап қонған. Ол орынсыз ешкімге тимейтін, кісінің ала жібін көлденең аттамайтын, адал жұпыны кісі болған. Ал біреу-міреу әлдеқалай орынсыз ренжітіп, көңіліне тисе қаһарына мініп: «Аманбай Ақ бәленшенің түйесін қақ» десе болды, әлгі байғұстың түйесі со бойда бұл пәнимен қоштасып жүре береді екен.
Жұпынылау киінсе де, таза жүретін болған. Керек-кепшігін толтырып, артына тең қылып арқалап алып тек жаяу жүреді екен. Сөйте тұра бір ауылдан бір ауылға шыққан атты кісілерден кейін шықса да, олардан ерте жетіп алып, шай ішіп отыратын көрінеді. Құдайы қонақ болып отырса да отанасы ғұсылсыз күйде тамақтың тұзын татып қараса, астан дәм татпай тұрып кететін болған. Және де үй иесі қанша асты-үстіне түсіп құрметтесе де, ұсынған тамағы ұрланған мал немесе адал ас болмаса бетке айтатын болған.
Аманбай атаның емшілік қасиеті болған. Ауру-сырқаудың үйіне шақыртпай-ақ өзі бара береді екен. Әсіресе бір балаға зар болып жүрген бедеу әйелдерді емдейтін болған.
«Жақында үлкен қантөгіс болады, адам қаны сел болып ағады. Менің сол апатты көргім келмейді. Алладан соған дейін о дүниелік болуымды тілеп жатырмын» деген екен. Ата бұл сөзімен кеңестік солақай саясаттың әкені баладан, баланы анадан айырып «балапан басына, тұрымтай тұсына» қашып дегендей нәубет жылдарды меңзегені. Көп ұзамай Аманбай ата 1932 жылы 82 жасында Маңғыстау облысы Қарақия ауданының аймағындағы Мешітсу деген жерде дүниеден өтіп, жерленген. Көз жұмар алдында атаның қасында отырған туыстарының айтуына қарағанда, Алладан жаңбыр жаудыр, сол жаңбыр суымен пәктеуді нәсіп ет деп тілеген көрінеді. Сосын қайтыс болар мезетте жел тұрып, аспанда найзағай ойнап, қою қара бұлт келіп Мешітсу үстіне нөсерлеп жауып, «Қарын тақыр» ойын суға толтырып тастаған екен.Осы жайды Өмірзақ Қалбайұлы былайша толғапты:
… Алладан өлер алдында тілек тілеп,
Жуын деп нұр суына күн жаудырған.
Тілегі Хақтан аят қабыл болып,
Күн жауып «Қарын тақыр» суға толған.
Орындап өсиетін туыстары,
Тақырдан су әкеліп тәнін жуған.
Сол күнгі тақырдағы жауын судан,
Арнайы іздеп келіп әр ауылдан
Әртүрлі ауруларға ем болад деп,
Ырым ғып ыдысына құйып алған.
Халықтың ақ ниеті ырым еткен,
Ырым менен түрліше тілек еткен…

Жыр арқауы – Аманбай ата
Бұл бөлімде жергілікті ақындарАманбай атаға деген ықылас-ниетінен туындаған жүрекжарды арнау жырлары берілген. Олар Есмағамбет Мекеұлының «Жұт қоян» толғау, Өмірзақ Қалбайұлының «Аманбай ата» поэмасы, Рахмет Аяпбергенұлының «Адалдықты ту еткен» толғауы.

Тоғызақ шежіресі
Аманбай ата Адайдың Қосқұлағы. Оның аталары Қосқұлақтан туған үш баланың бірі Тоғызақтан тарайды. Ал бұл бөлімде осы Тоғызақ шежіресі топтастырылған.

Аманбай ата есімі туған елінің жадында қалғанымен, қадір-қасиеті екі арада өткен ғасырға жуық мерзім ішінде ұрпақтар ауысуымен ұмыт бола бастауы мүмкін. Ал бұл кітап осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында жазылған. Оқырманын «жақсыдан үйреніп, жаманнан жиренуге» үндейтін тәрбиелік мәнге ие бұл естелік дүниелер Аманбай атаның туғанына 160 жыл толуына орай шығарылған екен.

4 пікір

BerikDzhanabaev
Аққа Құдай жақ! Бул китап менде бар. Науирзек Коскулактар туған нағашым
Baha
Нағашыларың құр адам емес)
BerikDzhanabaev
Құдайға шүкір, бірақ сол кісілердің ұрпағымыз деп айтуға ұяламыз. Атамыз үшін емес, өзіміз үшін
Aisana
Салеметсиздер ме! Маган атанын бориги кайда сактаулы екен ким билем? 9 айлык балам ауырады сол кисинин боригин кигизсен тауир болады деген бир емши билсениздер комектесиниздерши…

Пікір қалдыру