Dolce far niente

«Итальяндықтардың ұлттық мінезі» дегенде қандай ой келеді?
Мысалы, кейбір басқа елдің өкілдері, әсіресе америка не англия елінің тұрғындары, оларды ерекше жалқау деп айтады. Жапондықтар да мүмкін итальяндықтарды еріншек, жалқау дер. Мен де кейде «оларға жету қайда» деп күліп те қоямын. Себебі, итальяндықтарды жалқаулар қатарына қосатын, өздері онысын жасырмай айтатын бір сөздері бар. Ол — Dolce far niente (дольче фар ньентэ). Мен қазақшаға «тәтті бейқамдық» деп аудардым. Тура аудармасы — тәтті дым істемеу. Бұл сөз тіркесті осыдан екі мыңнан астам жыл бұрын латын тілінде алғаш кіші Плинийдің хатында қолданылған болатын, кейіннен итальян тіліндегі түрі сол елдің ұранына айналып кетті.
Бұл шындыққа сая ма? Әлем өркениетіне қосқан орасан зор үлесі бар суретшілер, музыканттар, ақындар, кәсіпкерлер мен ғалымдарды ескерсек, Итальян тілін үйренейік!: Dolce far niente
бойкүйез боп жүрген халық деп айту қиын.
Меніңше, олар мойны жар бермейтін еріншектерге мүлдем ұқсамайды. Ойымша, итальяндықтар жұмыс пен демалыстың арасына акцентті өте дұрыс қояды-ау. Бақыт — жұмысқа күнделікті бару салтында не бәсекелестік күресте емес, бақыт — рим кафесінің шағын үстелінде таңғы кофе ішу, не қызметтестермен жуық арадағы кішігірім мейрамханада түскі асыңды ішу, не бала-шағаңмен, достарыңмен, көршілеріңмен кешкі сауық құру.
Cucina italiana (кучина итальяна — итальян асы/ас үйі) – бұл ерекше әңгіме, бүткіл әлемді бір түйір қан төкпей-ақ жаулап алған әмбебап қару. Pizza, pasta, cappuccino (пицца, паста, капучино) – баз біреулер үшін әдемі экзотика, ал итальяндықтар үшін – тамаша ахуал, күй-қалып.

Асықпайтын Италия

Итальян тілін үйренейік!: Dolce far nienteБақыттың келерін алдын-ала болжай алатын Италияның шатты «суыр күні» толассыз туа береді. Бұл елде күнделікті тұрмыс ағынын өзгертетін жайсыз жағдайды ширақ, ұшқыр Рим де, жайбарақат, бейбіт шет аймақ та жақсы көрмейді. Тек, жер әлемді дүр сілкіндірсе де, storia d’amore (сторья даморэ ‘махаббат хикаясы’) — шынайы махаббат қана ерекшеленеді. Итальяндықтардың ынтазарлығы мен желікпелігі, салтанатты тойлары, ерлі-зайыптылардың шулы да қызу қарым-қатынастары. Италияда Фрейд жұмыссыз қалар еді.
Келген қонақтарына Италия бір ескерткіштен екіншісіне жүгіруден босай қалған жағдайдың өзінде өзінің тартымдылығын көрсетуден таймайды. Бұл елде карьера не болмаса қаржы мәселесі орынсыз боп көрінеді. Бастысы — қуаныш, ал қызметтің өтемі, ақысы сияқты майда-шүйде сұрақтар өз орнымен, сіздің қуанышыңызға қаяу түсірмей шешіліп жатады. Сондықтан болар, кафе-барда ішкен шарабы үшін тура кетерінде ғана ақысын төлейтіні. Ақша сияқты ұсақ-түйек сіздің сол жерде өткізген уақытыңыздың рақатын бұзбау керек. Ширақтық пен жайбарақаттық сияқты үйлеспесті үйлестіре білетін Италияның, әлбетте қайнаған өмірінің тына қалатын уақыты да бар. Ол — Астана болсын, қиыр шет аймағы болсын құрметтейтін сағаттары — siesta (сьеста). 12-мен 14 сағаттың арасында мейрамханаға түскі асқа — (pranzo — прандзо) кешігіп қалдыңыз ба? Онда кешке дейін ауыз аша алмайсыз. Себебі — түстен кейінгі дем алу — мызғымай берік ұстанатын салт-дәстүр. У-шулы кешкі сауық-сайран да түн ортасына дейін ғана. Таңға қыдыру жоқ.
Күнделікті тұрмыстан абстракциялана білуі итальяндықтарға көп бос уақыт сыйлайды. Шынайы итальяндықтар оны бір-бірлерімен араласып, қарым-қатынасуға жұмсайды. Жергілікті тұрғындар өте жайдары. Көрші-қолаңның тұрмыс-ахуалы, көшеде өтіп бара жатқан жолаушының күй-жайы шынайы қызықтырады, толқытады. Егер де сіздің балаңыз жыласа оны жұбатуға бүткіл көше жиналады. Себебі қызба қанды итальяндықтар үшін бала — ең қасиетті, ең ардақты ұғым.
Әрине, сабырлылық, байсалдылық — бұл итальяндықтарға тән емес қасиет. Дұрыс қайнатылған кофенің өзіне қуаныштарын білдірерде де олар ешқашанда сезімдерін (sentimenti — сентимéнти) жасырып қалмайды.
Тіпті әуезді итальян тілінің өзінде арбайтын ноталар бар. Сірә, итальян тілінің музыка тілі болғандығы да оның осы ерекше әуездігі болар. Осыған енді мәнерлі қол сермегендерін қоссаңыз болды, кез-келген әңгіме сізге сөзсіз түсінікті болады. Екі итальяндықтың қол сермемей әңгімелесуі тек оларды қол-аяғын матап қойғанда ғана мүмкін.
Қанша дегенмен, итальяндықтардың ең басты қасиеті — қонақжайлылығы мен достық ықыластылығы. Олар өздерін келген қонақтарына бар келбет-көркімен көрсетуге ұялмайды, Италияның романтикалық тартымдылығын, оның күнделікті тұрмыстық жағдайлардан еркіндігін және рахаттанып өмір сүре алатындығын көрсетуге жасқанбайды.

0 пікір

Пікір қалдыру