Дәстүрдің озығы мен тозығы бар...

Бүгінгі әңгіме салт-дәстүр төңірегінде болмақшы. Уақытыңызды бөліп, осы постты оқып шығуға бел буған екенсіз. Асықпай зер салып қарап шығыңыз. Оқуға жұмсаған алтындай уақытыңызбың бір бөлшегінде сіз үшін пайлы ақпарат беріп өтетін боламыз деген сеніміміз бар. Сонымен, әңгімені бастамас бұрын, әуелі «дәстүр» ұғымына аз-кем тоқтала кетейік.

Салт-дәстүр – жер бетіндегі барлық ұлттар мен ұлыстарда бар. «Әр елдің салты бір басқа иттері қара қасқа» — деп дана халқымыз айтып кеткенғой. Сол тәрізді, бір елдің, әр аймақта қоныстанған бір ұлттың да салты ұқсас бола бермеуі мүмкін. Біреулерге ерсі көрінетін қылық, келесілер үшін баға жетпес құндылық. Оны күнделікті өмірде де байқап жүрсіз. Егер байқамаған болсаңыз, ғаламторға кіріп, Африка, Үндістан, Қытай тәрізді елдердің салтын оқыңыз. Біздікмен салыстырыңыз. Немесе алысқа бармай-ақ, құдайы көршіміз орыс елінің, өлікті жөнелту салтына көз жүгіртіңізші. Олар арақпен шығарып салса, бізде мәйіт жөнелткен кезде, ондай харам дүниеден бойымызды аулақ сақтаймыз. Әншейінде қу арақты суша самыратындардың өзі, өлік шығарған кезде, ащы суға жиіркене көз салады. Бірақ барлық елдің дәстүрінде бір ұқсастық бар. Ол – тұрғындар қарым-қатынасын реттеп, сол елдің менталитетіне сай өмір сүруді үйрету және ұлттық ерекшеліктерін сақтап қалу. Хош, әуелгі әңгімеге оралайық.

БІЗДЕ ДЕ «ЖАЛАҢАШ БИ» БОЛҒАН

Салт-дәстүр – сонау есте жоқ ескі заманнан бастап қалыптасып, осы күнге дейін жеткен заң! Иә, ол бір күнде пайда бола салған жоқ. Жылдар бойына жұрттың әдетіне сай қалыптасты. Дамыды. Заманға сай құбылып отырды. Артығы алынып, кемі толықтырылды. Сондықтан, салтымыз осы екен деп, ескінің заңына көзсіз бағына беруге болмайды. Оның түбі апатқа ұрындырады.
Этнопедагогика: Дәстүрдің  озығы мен тозығы бар...Қарапайым мысал. Осыдан бірер ай бұрын, ғаламтор бетінде Тараз қаласында түсірілген бейне жазба пайда болды. Естеріңізде болар. Тойдағы стриптиз биі. Жұрттың қызу талқысына түсті. Көзі қарақты оқырман атаулы той иелері мен тәнін жалаңаштаған қызды балағаттап жатты. Бұл мәселеге халық қалаулылары да қырын қарамай. Өздерінің наразылықтарын танытып, заңмен жазалау керек деді. Ал енді мен сіздерге бір қызық айтайын. Жалаңаш би (стриптиз) батыстан келген, бізде болмаған жабайылық емес. Тарих бетін саралап, ұлттық салт-сана, дәстүрлер туралы еңбектерге көз жүгіртетін болсаңыз, дүние үшін тәнін жалаңаштап, топ алдына шығу оқиғаларының болғанына куә боламыз. Сөзіміздің дәлелі ретінде төмендегі мәтінге көз салыңыз. Мұны Анар Алибаева есімді әпкеміз, 2007 жылы өз блогында осы сарында мақала жариялаған екен. (блогына сілтеме) Ақпараттың шынайылығын тексеру мақсатында ауыл үлкендері мен тарихшы ғалымдарға сауал тастаған едік. Олар шындық екенін айтты.

«Тырдай  жалаңаш жас әйел майданға шығып, осыны  шешіп алып,  билеп жұрт алдынан өтсін, – деді» (Ә.Марғұлан).  


Этнопедагогика: Дәстүрдің  озығы мен тозығы бар...
Мұндай салт қазақ даласында да болған. Өткен ғасырда Ұлытау баурайында болған аста «жалаңаш биге» шыққан әйел «үлкендердің көрген жерің, кішілерің туған жерің» – деп келіп, шөккен түйенің бұйдасын тісімен шешіп әкетіпті. Арқада өткен асқа осындай биге қатысқан жалаңаш жас келіншек ұзын бұрымын тарқатып жібергенде бүкіл денесін жауып кетіп еті көрінбепті. Ол сол бойымен келіп, түйені жетектеп әкеткенде нар тіккен жақ жалаңаш шықпады деп дау шығарып, биге жүгініпті. Сонда әділ би «келіншек киімімен шыққан жоқ, шаш әйелдің құдай жаратқан мүшесінің бірі, оған дау жүрмейді» деп даугерді тоқтатыпты.
1920 жылдар ішінде Торғай даласына есімі көпке белгілі Қарман Досай қажының асындағы қалы кілем жабылған нарды Нарыш деген жас келіншек шешіп әкеткен.
«Жалаңаш би» оңтүстікте «тайлақ тарту» деп аталады. 1914 жылы Қаратау-Қазығұрт елінде аса қадірлі Сопбек датқа асында осы салтқа Айымбала деген жесір әйел қатысып, тайлақты шешіп алған. Кей жерлерде бұл салт «түйе шешпек» деп те аталады. Салттың бұл түрі көркем шығармаларда кеңінен суреттелген. Мысалы белгілі этнограф-суретші Н.Хлудовтың және Қ.Отарбайдың «тайлақ тарту» деген картинасында, қайраткер – жазушы Шерхан аға Мұртазаның «Қызыл жебе» романында да суреттелген.
Қазақтың осы ескі салтына қазіргі адамдардың күмәні да жоқ емес. Бұған ұлы Абайдың замандас ақыны Байкөкшенің «Тобышақ торы» дастанынан үзінді келтірсек те жеткілікті болар: Одан соң ортаға әкеп қазық қағып,Қазыққа майлы күйе қойды жағып.Бір түйе оған әкеп қойды байлап, Кілем жауып, жібектен бұйда тағып. Ер бәйге алды білектің күшіменен, Тұлпар алды тұяқтың ұшыменен.- Бұл бәйгені әйелдер алсын – деді – Жалаңаш тістеп шешіп тісіменен…. Бұл хабар әйелдерге түгел жетті, Намыстанып кейі ұрсып, кейі сөкті.Тойке деген кедейдің жалғыз қызы «Түйені мен алам» деп топқа кетті…

Бұдан не аңғаруға болады. Бізді осынау масқара биді жақтап дұр деп ойлап қалмаңыз. Әсте олай емес. Айтқымыз келгені дәстүрдің озығы мен тозығының болатыны. Бабаларымыз да біз тәрізді адам, пенде болған. Олардың қаталеспеуі мүмкін емес. Тек олардың кінәратын уақыт өзі жуып шайып отырады. Рас даламызда топ алдында әйел адамның тәнін жалаңаштау оқиғалары болған. Бәлкім Тараздағы той иелері осы салтты жаңғыртқылары келген болар. Оларға айтарымыз, тозығы жеткен дүниені көтерудің қажеті жоқ. Өрім-өрім болып әбден тозға дүние тәрізді сыртқа ысырып тастай салу керек.
Бұл барлық дәстүр атаулыдан безінуіміз керек дегенді білдірмейді. Жоқ ата дәстүріміз сақталуы керек. Бірақ, кейбіреулер тәрізді әсіре қызыл болмай. Ақыл таразысына салып, саралап-сараптап, қажеттісін өзімізге таңу қажет. Мәселен көне бабаларымызда пендешілікті доғарып, адами құндылықтарды арттыратын дәстүрлер болған. Олардың барлығын санамалап жату мүмкін емес. Сондықтан тек біреуіне ғана – ұлттық ойындарға тоқталайық. Оның өзінде барлығын санамалап жатпай, тек жаңғыртуға тұрады деген біреуіне тоқталсақ.

ЖАҢҒЫРТАРЛЫҚ КӨНЕ ОЙЫН

Қазақтың дәстүрлі ойындарының барлығының астарында үлкен пайдалы дүниелер жатыр. Олар адамды шымырлыққа ғана емес адалдыққа, сертке беріктікке де шақырып тұрады. Сондай ойындардың бірі « Тобық». Бұл ойын туралы мен жаз айының орта шенінде жазған болатынмын. Алайда ол жазбамды оқығандардың саны жүзге жетер-жетпес адам ғана. Сондықтан көпке жетті деп ойламаймын. Әрі осы жолы кеңінен айтып өтуді мақсат тұттым. Бұл ойын туралы тарқырыпшаларға бөліп, айтып шығайын. Сонымен:

1. Ойынның шарты.

Этнопедагогика: Дәстүрдің  озығы мен тозығы бар...Бұл ойын көбінесе қыз бен жігіт арасында ойналады. Бірақ, мәңгілік дос болуға серттеске достардың арасында да ойнау оқиғалары кездескен. Ойын шарты бойынша жігіт қызға немес достар бір-біріне тобық сыйлайды. Арада бір жыл ма жоқ он жыл ма әйтеуір біршама уақыт өткен соң сыйлаушы тарап, «Тобығымды бер?» — деп сұрайды. Сұрақ кез-келген сәтте және кез-келген жерде қойылуы мүмкін. Осы кезде жасырушы тарап: «міне тобығың» — деп, жанынан алып көрсетуі керек. Егер сұраған сәтте тауып бере алмаса, онда ұтылғаны. Ондай болса аманатқа қиянат жасағаны үшін айып тартып, жеңген тарапқа бағалы сыйлық ұсынады. Ал жанынан алып көрсете алса, сұраушы тарап уәдеге беріктігі үшін сыйлық береді.

2. Ойынның мақсаты

Астарында үлкен мағына жатыр бұл ойынның. Жай қарапайым бәс тігу деп ойлап қалмаңыздар. Ойынның басты мақсаты аманатқа қиянат жасамауға һәм серке берік болуға шақырады. Бұл ойын ұқыптылыққа, бір сөзділікке тәрбиелейді. Достардың арасын табыстырып, сағынышын арттыра түсетін де қасиеті бар. Бұл ойын бір-екі күн емес жылдарға созылуы мүмкін. Және шарты бойынша үнемі жанында сақтап, ұмытпай ұстап жүрулері керек. Ал бұл дегеніңіз үлкен қиындық тудыратыны мәлім. Ондаған жылдар бойына қу сүйекті арқалап, жаныңызда ұстап жүре аласыз ба? Егер ұстап жүрсеңіз, сіз осы өмірдегі ең мәрт адамдардың бірі болып саналасыз.

3. Осы ойынның шынайы мысалы
Этнопедагогика: Дәстүрдің  озығы мен тозығы бар...
Бұл ойын туралы кітаптардан аса мардымды дүние көре қоймадым. Тек ел аузындағы әңгімелер арқылы ғана біліп отырмын. Ең алғаш аталмыш ойын туралы бала мектеп қабырғасында жүрген кезде естідім. Үйге қонаққа әкемнің досы келген болатын. Ас ішіліп, аяқ босаған соң, ел ішінің түрлі әңгімелері айтылды. Соның арасында бүкіл аудан жұртын шулатқан той туралысында айтылды.
Ауылымызда ертеден бері тұрып келе жатқан Рабиға және Қазікен деген екі әжей бар еді. Солар күллі Қарқаралы ауданындағы ағайын-туыстың басын қосып, той жасапты. Үлкен ас беріпті. Оның мәнісі мынада жатыр екен.
Әлгі екі әжей бір-бірімен бала күндерінен бері таныс. Бірге ойнап, бірге бой жеткен. Тұрмысқа да бір ауылдың жігіттеріне шыққан. Отау құрып, ел қатарына қосылған шақта, сырлас құрбылардың арасы алшақтай бастайды. Ол кезде өздеріңізде білесіздер колхоз жұмысы еркек-әйелдің бәрін жұмысқа жегіп, анда-мында қуалай бередіғой. Соның салдарынан екі құрбының жолы екіге айырылып, бұрынғындай жиі көрісе алмайды. Аралары біржола алыстап, достықтары үзіліп кетпес үшін, дәнекер ретінде «тобық» ойнауға келісіпті. Жоғарыдағы шарт бойынша, Рабиға әжеміз Қазікен апайға тобық сыйлайды. Ол кісі сақтайтын болып келіседі. Сонымен уақыт өте береді. Арада аттай зулап отыз жыл өте шыққанғой. Бұрынғы сылқам келіншектер әже атанып, бір-бір үйдің бәйіпшесі болған. Бұрынғысынша қауырт жұмыс жоқ. Бастары жиі қосылады. Қайда қонақ болса, қалмай барады. Осындай той-томалақтардың бірінде отырғанда аяқ асытан бұрынғы тобық еске түсіп, Рабиға әжей сұрап қалмай ма. Сөйтсе, Қазікен әжеміз ұзын шашын тарқатып жіберіп, арасына қоса өріп жіберген «тобықты» алып шыққан екен. Жиналған жұрт таң-тамаша қалыпты. Қойдың қу сүйегін алтындай аялап, аттай отыз жыл сақтау екінің бірінің қолынан келмейтін шаруа емес пе? Жұр кеу-кеулеп кетсе керек. Құрбысының адалдығына разы болған Рабиға әжей ел-жұртқа жария салып, үйіне шақырады. Қазан көтертіп үлкен той жасайды. Ал Қазікен апайға сыйлық ретінде саф алтыннан жасалған жүзік сыйланады. Бұл оқиға күні бүгінге дейін біздің ауылдың сүйікті тақырыбына айналған. Үлкендер бас қоса қалғанда тамсанып тұрып айтып береді.

Фото суреттер интернеттен алынды

1 пікір

BalgynAdilbaeva
Этнографиямызды казбаласа небір кызыкка кезігеміз… керемет

Пікір қалдыру