Мемлекеттік қызметкер үлгі етуге тұратындай болса…

Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстанның дамыған отыз елдің қатарынан көрінуі үшін Ұлт жоспарын құрып, онда атқарылатын жұмыстың 100 қадамын нақтылағанын білеміз. Оның алғашқы бөлімі кәсіби мемлекеттік аппаратты құруға арналыпты, сол мәселеге қатысты 8 қадам көңілімнен шықты.
Кеңес заманында басқару орындарына кездейсоқ кісіні қабылдай бермейтін, алғашқы қадамын әуелі бастауыш комсомол ұйымынан бастап, одан әрі білімі мен білігі ғана емес, адамшылығы да сыналып, тәжірбесі толысқан сайын қызмет сатысымен біртіндеп жоғарылайтын. Қазіргі мемлекеттік қызметкерлер осындай жолдардан өтетін болыпты. Осы уақытқа дейін олардың арасында өзінің қызметінің мақсаттары мен міндеттерінен бейхабар, біліктілігі төмен адамдар ара-тұра болса да кездесіп келгенін жасырудың жөні жоқ. Өз жұмысын білмейтін қызметкерден ел мен жерге не пайда? Бір бөлімдегі шала сауатты 5-6 қызметкердің атқаратын жұмысын бір білімді, ұлтжанды маманның мойнына артып қойып отыратындығын да көріп жүрміз. Енді мұндай әділетсіздіктер орын алмайтын болады деп сенеміз. «100 қадамда» дамыған елдердің тәжірибесінен үлгі ала отырып, елімізде мемлекеттік қызмет саласына жаңа реформа жасалатын болады. Мемлекеттік қызметке қабылдау рәсімдері жаңғыртылады. Мемлекеттік қызметшілер еңбек жолын төменгі лауазымдардан бастайды. Өзінің жұмысын бүге-шігесіне дейін меңгеруі үшін бұл қадам аса қажет. Халықпен жұмыс жасаудың жөн-жобасын үйренеді. Мемлекеттік қызметке алғаш қабылданып жатқандар үшін үш сатылы іріктеу жүйесі енгізілетін болды. Қызметте іскерлік қабілетін көрсете алса ғана олардың лауазымы жоғарылайды. Бұл мемлекеттік қызметтегі кадр саясатының ашықтығын қамта¬масыз етеді. Мемлекеттік қызметкер айналасындағыларға үлгі болатындай, білімі де, іскерлігі де, халыққа деген құрметі, жанашырлығы да бар, адамгершілігі жоғары тұлға болса ғана ел сеніміне ие болады. Кейде күмәнді тұлғалардың солардың арасынан шығып жататынына ренжисің. Болашақта қарақан қара басының қамын емес, елдің мерейін өсіруді ойлайтын мемлекеттік қызметкерлер көбейетініне сөз жоқ.
Блог - ceka9191: Мемлекеттік қызметкер үлгі етуге тұратындай болса…

Серікбол БЕРІКҚОЖА
«Жаңа-Ру» жастар коалициясының Президенті,
Заң ғылымдарының магистрі

0 пікір

Пікір қалдыру