САҒЫНДЫМ ҚазҰУ-ымды!

ҚазҰУ студенті болуды 5- сыныпта оқып жүргенде-ақ мақсат еттік. Талпындық. Тартыстық. Тырыстық. Әйтеуір дегенімізге жеттік.
ҚазҰУ-дан түлеп ұшқан студент қашан да білгір, бәсекеге қабілетті, қазіргіше «бағалы» маман саналған. Қоғамды толғандырып жүрген өткір проблемалардың ортасында жүріп, оң шешімін табатын журналистер, елдің экономикалық өсуіне үлес қосар экономистер, сөздің майын тамызар филологтар, халықтың мүддесін қорғай білер заңгерлер, тарихи оқиғаларды егжей-тегжей зерттер тарихшылар, ана тілімен қатар өзге тілдің қыр-сырын ұғатын шығыстанушылар,үздік дипломаттар, химиктер, биологтар мен физиктер дәл осы оқу ордасының түлектері екені баршаға мәлім! Жалпы, ҚазҰУ ешқандай жарнаманы да, пиарды да қажет етпейтін университеттердің бірі. Бірегейі де. Мен бүгін тек ҚазҰУ-ыма деген ерекше сағынышымды, ыстық лебізімді білдірсем деймін…

Теледидардан, суреттен ҚазҰУ- ды көргенде " Мен де мына мыңдаған студенттердің арасында жүрсем екен… Атам оқыған университет қабырғасында мен де білім алсам ғой, шіркін..." — деп талай армандағанымды қалай ұмытайын?! Алматыға жиі барсам да, ҚазҰУ-ға құжат тапсыратын кезде ерекше асықтым. Қара шаңырақ ҚазҰУ- ымды көруге асықтым. Әсем қалаңыз Алматыға кетерімде үлкендер ақылын айтып, батасын беріп, ақ жолын тілеп шығарып салған. Әсіресе мына сөздер санамда сақталыпты. Анамның айтқаны: "Қызым, онда Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиналады студенттер. Еркелігіңді көтереді, мінезіңе бәрі шыдай қояды дегенді ойыңнан шығар. Сенен де мықтылар болады. Соны ұмытпа". Атам айтты: «Сергек бол! Шілиии озып, алда жүруді мақсат етпе, балам! Көз тиеді. Сабағыңды оқып, жұртпен қатар жүрсең болғаны. Бастысы, аман бол. Уайымға салынба. Бәрі жақсы болады». Уәде де алды. Ағам. Қандай дейсіз ғой? Жо-жоооқ, қызыл дипломмен бітіремін деген емес, «тәртіпті» боламын деген уәде, яғни, ағамның сөзімен айтсақ… Қысқа-нұсқа. Былай: «Жанико, қазір жақсы жігіттер аз. Жігіт ойлау әлі саған ерте. 4- курсқа дейін ешкіммен таныспаймын, жігіттерге қарамаймын деп УӘДЕ БЕР!» — УӘДЕ, АҒА! УӘДЕ БЕРЕМІН!
Осылай үлкен өмірге аяқ бастық. Алғашында ҚазҰУ-ға келгенде оның әдемілігіне, ерекше атмосферасына, жүздері жарқын студенттерге, үнемі теледидардан көретін ректоратқа, талай дарын, өнер майталмандары өнер көрсеткен студенттер сарайына, бәріне-бәріне көз тоймай,ұзақ қарай бергім келді.
"Қала ішіндегі қалашық". ҚазҰУ қалашығы. Мен оны қалай жақсы көріп, қалай сағынатынымды айтудан жалықпаймын. Айта бергім келеді. Мұндай керемет тіпті бүкіл әлеміңізде де жоқ шығар. Студенттік шағыңның талай жазушының қалам тербеп, талай ақынның жырлап, әнге қосып өткен мекенде өтерін білу үлкен бақыт. Көпке бұйыра бермес бақ. Кезінде талайлар үшін орындалмай кеткен бір арман…

2 жылды артта қалдырдық. Бұл екі жыл қуанышқа, жеңіске, сәттілікке, кейде ренішке, бақытты, ұмытылмас сәттерге, қызыққа, кейде жеңіліске, биіктеуге, сенімге, сезімге, өмірімді өзгертер шешімдерге толы жылдар. Бұл екі жыл студенттік шағымның бастауы, жарқын естеліктерге толы күндер.

ҚазҰУ — керемет мүмкіндіктер мекені! Студенттің игілігі үшін бар жағдай жасалған. Әсіресе, белсенді студенттерге қашан да жол ашық. ҚазҰУ- ға келерде белгілі бір айқын мақсат қоймасам да, бір қалағаным студенттік шағымның ұмытылмастай болып өтуі еді. Белсенді студенттің ерекшелігі сол, оқу мен активисттік өмірді қатар алып жүріп, бір минөт те уақытыңды текке өткізбеу. Студенттер көп жиналған орта қашан да тың идеяға, жаңашылдыққа, талпынысқа, қызыққа толы. Студент көп жүрген жер — мереке.
4 жыл зымырап өтеді де кетеді. Төрт жыл бойы бардым- келдімдеп жүрген студент осы жылдарды еске аларлықтай ерекше естелігі болмаса өкінетіні аян ғой. Оның үстіне 20 мыңнан астам студенттің басын біріктірген қара шаңырақта күнде бір іс-шара, күнде бір мереке, күнде концерт, күнде конференция. Олардың басым бөлігі студенттердің арқасында іске асар дүниелер.
Мен ҚазҰУ — ға маған жақсы достар, " СҰҢҚАРДАЙ" «отбасы», үздік мұғалімдер, үлкенді- кішілі жеңістер, жарқын, жұлдызды сәттер, үлкен сабақ болар сәттер сыйлағаны үшін де шексіз ризамын. Дұрыс таңдау жасағаныма разымын. Өзіме деген сенімнің күшейгені үшін алғыс айтамын. Мыңдаған адамдармен қатынасып, бір көрудің өзі арман болған жандармен жүздестіргені үшін, алдымнан ашылған мүмкіндіктер үшін де рақмет айтудан жалықпаспын… Рақмет, ҚазҰУ-ым! ШЕКСІЗ АЛҒЫС!
Блог - ZhanerkeMarhabat: САҒЫНДЫМ ҚазҰУ-ымды!

Биыл менің қатарластарым оқуға енді құжат тапсырып, мен 2 жыл көрген " үлкен өмірге" аяқ басқалы жатыр. Қызығамын. Қызғанамын. Қиялдаймын. "ҚазҰУ-ға қайтадан солармен бірге құжат тапсырып, алғаш келгенімдегі сезімді қайта бастан кешірсем ..." Деймін. Мен. Кейде. Қиялға беріле…

ҚазҰУ-да мені әлі қызығы мен шыжығы мол екі жыл күтіп тұр. Бұйырса, магистратурасы тағы бар.
Жетер биік алда, орындалмаған, бірақ орындалуы тиіс армандар көп, бәрі алда…
Осыны жазып отырып түсінгенім… ҚазҰУ-ым, мен сенімен мақтанамын! ҚазҰУ- да өткен,өтетін әрбір күнім — баға жетпес байлық!

САҒЫНДЫМ, ҚазҰУ!

12 пікір

abylai
ҚазҰУ-ға журналистикаға түсуді армандап өстік. 11 сыныптан. Бірақ, бақ басқа жақтан бұйырды. ҚазҰУ-ға барса, ерекше бір аура, жып-жылы атмосфера сезіледі. Оны жасыру мүмкін емес. ҚазҰУ расында жарнаманы қажет етпейтін университет екендігіне шүбәм жоқ.
ZhanerkeMarhabat
Дұрыс айтасың ;) СДУ -дың да тынысы ерекше, студенттері жаңашыл, ғимараты көз тартарлықтай) ҚазҰУ- дан кейін ең ұнайтын университет ;)
Daniyar_Zhanys
Өзім армандамаппын бұл жақты. Бірақ мен сөйлескен адамдардың бәрі мені КазҰУ-да грантта оқыды деп ойлайды. Ал мен не КазҰУ-да да, грантта да оқымағам ))) Соған қарағанда осы жаққа түсу керек сияқты )
ZhanerkeMarhabat
))) Есть такая нация как КазГУ- шники- деп Бақытжан Жұмағұлов айтқан екен) КазГУ- дың түлектерін бірден тануға болады деп те әзілдеп жатады, білікті, білімді маман екеніңізге таласым жоқ онда ;)))
Daniyar_Zhanys
Ой, рахмет. Көтеріп тастадың көңілді ))
DinaTolegenova
Иа менде армандадым: механика — математика факультетінің студенті болуды; есеп шығарып қиналуды, МГУ-дің студенттерінен білім алып, стипендиядан құлауды; күні-түні туындыдан интеграл, интегралдан туынды жасауды меңгеруді, «9,725» деген түсініксіз балл алуды. Армандағаным соншалық, мех-маттан қашан күліп шыққаным есімде жоқ. Сосын барып түсіндім: өзімнің дұрыс-та армандай алмайтынымды.
ZhanerkeMarhabat
Сәлем, Дина )))) Иә, мех-матқа осылай армандап түсіп жатқан «балмұздақтарды» әбден қорқытып жатыр екен ғой. Сендерді не күтіп тұрғанын әлі білмейсіңдер, дұрыстап ойланбапсыңдар-деп ))) Мойындаймын, физ-тех, мех-матқа түсіп, жақсы тәмамдау үшін жүрек керек )
DinaTolegenova
Негізі жүрек сонда барған соң пайда болады. Бізде мех-матқа келгенге дейін жүрек болмаған, сосын пайда болды ғой
Saryqazaq
КазГу-ды армандаған жоқпын, бірақ Қалашығына барғанда, қызыққаным рас. Жастардың, студенттік аура сезіледі, сонысымен ұнайды.
Бірінші-екінші курста КазГу градқа қонаққа көп баратын едік, еххх, заман-ай
ZhanerkeMarhabat
Ностальгиия деңіз) ))) Мен демкейін осы күндерді ерекше сағынышпен еске аларыма күмәнім жоқ)
AyaulymTastanbek
Мына жазбаңыздан атаңыз Мархабат Байғұттын көркем тілі мен мұндалайды екен ))). Әсерлі, рахмет!
ZhanerkeMarhabat
Рақмет. Пікіріңізге өте қуанышты болып отырмын) ))

Пікір қалдыру