Бейнеу көшелері

Бейнеуде жатқаныма 2 апта болып қалды. Бейнеуге барған бойда көзім мына картаға түсті:
Блог - Saryqazaq: Бейнеу көшелері
Назарым көше аттарына ауды. Барлығы қазақша, елге танымал, белгілі тұлғалардың атына аталыпты. Арасында жер аттары да бар. Үлкен-үлкен көше аттарын иеленген тұлғалардың көбін таныдым. Сосын танымаған тұлға есімдері мен жер-су атауларын тізіп шықтым:

С.Ақшабайұлы
Ж.Қалдықараев
Ж.Байбозұлы
Қ.Боқанұлы
Ер Қонай
Т.Алиев
С.Оңғалбаев
Н.Шыршықұлы
Оразмұқан
Қыдырша ата
Рысалы батыр
Сыдық
Азан Балов
Жұбанов
Байқұл қажы
Тұрмамбет батыр
Ж.Қилыбайұлы
Құлша Тілеуұлы
Меңдіқұл батыр
Шағырлы
Тасастау
Көлтабан
Жиделі
Есекмерген көшесі
Айназар ата
Сүйеубаев
Амантұрлы батыр
Қ.Тоқсанбай
Қайдақ
Аманбай ата
Шест Шыңғысов
Арон Өтеуов
Матай
Аманжол шебер
Рзаевтар көшесі
Білеулі
Белеулі
Жезді
Аспантай
Уәйіс Қайралапов
Әбдібек Жаманбаев
Қаржаубай Жылқыбаев
Қарақоға
Қарағайлы
Қосарқан
Шақан
Уәлі
Сайқұдық
Жайылған
Дағар
Шаршы
Құсшы Шүңкілдек
Есенқазақы
Шүңкілдек

Блог - Saryqazaq: Бейнеу көшелері
Ендігі міндет осы тізімдегі адамдардың кім екендерін білу. Арасында есімін естіген аттар да бар, бірақ халық жадында несімен есте қалғанын білмейді екенмін. Сосын қолымда бар кітаптарды ақтарып кеттім:

Қалдықараев Жұмағали (1922-1944, Бейнеу ауданы, Сам құмы) – Кеңес Одағының батыры. Днепр өзенінен Кеңес армиясының өтуіне жағдай жасаған ерен ерлігі үшін Кеңес Одағының Батыры атағы берілді (1944). Бейіті Морозь қаласындағы бауырластар зиратында.

Боқанұлы Қайшыбай (1890, Маңғыстау ауд. Қалымбет ауылы — 1986) – ұста, шежіреші. Ескіше оқып, сауатын ашқан. Оның есімі халық есінде ұста, мерген, темірден түйін түйген шебер, ел тарихын көп білетін шежіреші ретінде сақталған. Маңғыстау ақындарының өлең-жырларын жақсы білген.

Әлиев Төлесін Нұрмағамбетұлы (1892, Форт-Шевченко қаласы – 1942, Алматы) – қазақ атты әскер бөлімдерін ұйымдастырушылардың бірі, полковник. 1935-37 жылдары Маңғыстау ауаткомының төрағасы, 1938-41 жылдары Қазақстан Халық комиссарлар кеңесі төрағасының орынбасары қызметтерін атқарды.

Оңғалбаев Сәду Дауылбайұлы (т.ж.б. – 1938, Ашғабад) – партия, кеңес қызметкері, саяси қуғын-сүргін құрбаны. 1935 жылдың 16 қыркүйегінен Мәскеуде Одақтық үкімет жанындағы Түрікпен КСР-нің тұрақты өкілі болып қызметтер атқарды. 1937 жылы 1 наурызда тұтқынға алынып, «Түрікмен азаттығы» ұлтшылдық ұйымына қатысты, Адай көтерілісін ұйымдастырушылардың бірі болды» деген нақақ жаламен айыпталып, атылған.
Оңғалбаев көшесі дегенді еске бірден Нұрсұлтан Оңғалбаев түсіп еді. Бұл басқа Оңғалбаев екен.

Қыдырша ата Жылқыбайұлы — халық емшісі. Руы — Тобыштың Бегейінің Қосаяғынан тарайды. XIX ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың басында өмір сүрген. Қыдырша ата халықты аурудың біраз түрінен емдеген. Кез келген сынықты үстінен аттап, әлде қамшысымен салады екен. Кей тұстарда қамшысын беріп жіберетін сәттері де аз болмаған.
Жем мен Сағыз бойын жайлаған. 1912 жылы 85 жасында қайтыс болған. Бейіті Маңғыстау облысы мен Қарақалпақстанның шекарасындағы "Өгізбайсары" қорымында.

Сыдық — Бейнеу тұрғындарының айтуы бойынша бұл көше Қабиболла Сыдиықұлы атындағы көше.

Жұбанов – Жұбанов дегенде Ахмет Жұбанов еске түседі, бірақ оның туысы Құдайберген Жұбанов болып қалуы да мүмкін. Сондықтан атын да жазу керек еді.

Байқұл қажы – Қараш руынан шыққан қажы. Қарабұлақтан асып түскен жерде мешіті болған. Бұл Меккеге жетуге екі күн қалғанда Қажыға барып келе жатқан Құнанбайларға кездесетін Байқұл.

Тұрмамбет батыр – Ескелді руынан шыққан батыр. Балуанияз батырдың құрдасы. 200 түркменнің қолы адай елін шабуға келе жатқанын естіп, Балуанияз құрдасына жетіп 60 жігіттен тұратын қол жиып, Қараған-босағада түркмендерге қарсы соғысқан батыр.

Шағырлы – Бейнеу ауданындағы құмды алқап.

Есекмерген – Қосайдан шыққан батыр. Аңызда жезтырнақтардың көзін құртқан деп айтылады. Атағозы батырмен бірге қалмақтарға қарсы соғысқан. Бейіті Сағыздың бойында.

Айназар ата – мерген, аңшы. Теңізден шығатын айдаһарды өлтірді деген аңыз бар. 1870 жылы патша жазалаушыларының қолынан қаза табады. Зираты Кетік қаласынан сегіз шақырым жерде.

Сүйеубаев Исатай Шахатұлы (1913-1947) – Ұлы Отан соғысына қатысып, аңызға айналған ерлік жасаған даңқты жауынгер.

Амантұрлы — руы Қосқұлақтан шыққан батыр. XIX ғасырдың бірінші жартысында өмір сүрген. Зираты Бейнеудегі Омар-Тұр мазарынан он бес шақырым жерде орналасқан сағана там.

Қайдақ – Каспий теңізінің шығыс жағалауында, Бозашы түбегі мен Үстірт аралығындағы сор.

Аманбай Ата — Қосқұлақта (Адайдың бір тақтасы) Бекет атадан кейін зайырлылық қасиетімен аты аталатын адамдардың бірі. Алдағыны болжайтын көріпкел, емші болған.

Өтеуов Арон Махуұлы – соғыс ардагері, 1945-53 мектеп директоры, оқу бөлімінің меңгерушісі. 1961-83 жылы Маңғыстау, Ембі аудандары комитетінің бірінші хатшысы қызметтерін атқарды.

Білеулі немесе Белеулі – үстірттің орта тұсындағы мәдени-тарихи кешен. Атауы «Білеулі ата» деген жергілікті әулиенің атына немесе осы жерден шығатын білеу тасқа (қайрақ тас) байланысты шыққан.

Жаманбаев Әбдібек – педагог, ақын. Маңғыстау ауданы мектептерінде мұғалім, мектеп директоры. 1973-76 жылдары Бейнеу ауданының мәдениет бөлімінің меңгерушісі.

Уәлі – құдық. Маңғыстау ауданындағы Өтес теміржол стансасынан шығыстағы 28 км жерде орналасқан. Құдық жанында Уәлі атты қорым бар.

Есенқазақ – Қаратүлей сорының оңтүстігінде жатқан қоныс. Ұзындығы 60 км-дей, енді жері 15 км-дей.

Қалған атаулар сұрақ күйінде қалып отыр. Уақыт өте біле жатарымын. Бір қызығы қайталанатын көше аттары бар (Білеулі-Белеулі, Құсшы Шүңкілдек-Шүңкілдек). Бейнеудің шет жақтарын қарап отырсам, апаларын бірінші қойып, күйеуді шеткерек қойыпты)))

Біріншіден, кейбір есімдерді түртіп алмасаң, бір қарағаннан есте қалмайды. Екіншіден, Бейнеуге жолдарың түсіп жатса, сізге де пайдасы тиіп қалар деген оймен салып жатырмын бұл жазбаны.

Егер менің тізіміме енбеген көше аттарын иеленген адамдардың кім екенін танымасаңыз, сұраңыз. Мүмкіндігімізше жауап беруге тырысамыз.

15 пікір

Saryqazaq
Жазбаға Қыдырша ата туралы деректі қосып қойдым:

Қыдырша ата Жылқыбайұлы — халық емшісі. Руы — Тобыштың Бегейінің Қосаяғынан тарайды. XIX ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың басында өмір сүрген. Қыдырша ата халықты аурудың біраз түрінен емдеген. Кез келген сынықты үстінен аттап, әлде қамшысымен салады екен. Кей тұстарда қамшысын беріп жіберетін сәттері де аз болмаған.
Жем мен Сағыз бойын жайлаған. 1912 жылы 85 жасында қайтыс болған. Бейіті Маңғыстау облысы мен Қарақалпақстанның шекарасындағы "Өгізбайсары" қорымында.
Saryqazaq
Аманбай ата туралы дерек те қосылды
Baha
Бір де бір мағынасыз көше аты жоқ екен. Бейнеу ауданының басқарушылары жарап тұр
NurjigitKhairullaev
Нұрсұлтан Оңғалбаев, Нұрым Шыршығұлұлы, Оразмағанбет ахун дұрыс жазылуы мен айтылуы
Saryqazaq
Картада қате кеткен болды ғой. С.Оңғалбаев емес, Н.Оңғалбаев па сонда?
NurjigitKhairullaev
Иа Бұрын мен тұрған көше, сен ең бірінші келгенде сені апардым ғой біздің үйге сол
NurjigitKhairullaev
Қожакелді Тоқсанбайұлы-адай шоңай руының батыры, «атасы басқа аттан түс»-деп баласын түсіріп інісіп алып кететін батыр ұрыс үстінде.
NurjigitKhairullaev
Уәлі, Шақан, Қосарқан құдықтардың атауы. Уәлі ноғайлы я түрікменнің ханы болу керек ұмытып отырым. Тарихи орын. 60-жылдары ферма орталығы болды. Шахан Солтаналы жеменейдің қасиетті адамы. Ол туралы аңызда бар.
Baha
Тарихи орындар, аңыз адамдар туралы жазбалар күтеміз сізден
NurjigitKhairullaev
Қарағайлы Сам құмындағы мол суы бар құдық. Сайқұдық Бейнеуден 20 шақырым жердегі құдық. Жайылған, Шаршы, Шүңкілдек, Дағар құдық ауатаулары
Saryqazaq
Қарағайлының суын ішкен екенмін ғой. Минералы, тазалығы жағынан тассай, анау-мынау суларды далада қалдырады деп еді
NurjigitKhairullaev
ТеңізШевройл Компаниясы бүкіл Қазақстан минералды суларын Лондон зерттеу орталығынан өткізгенде Қарағайлы 1 орын алған. Тассай, Сарыағаш т.б. салыстырғанда
jolyshov
Ерманбет, Әділ, Тастемір, Тұрсын көшелері
SabitAmanbaev
білеулі сосын белдеулі екеуі де жібек жолы бойындағы ескі керуен сарайлар екеуінің ара қашықтыгы 45-50 шақырым білеулінің қақпасы әлі сақтаулы ал белдеулінің тек кана орны бар
NurlanTadzhimuhanov
Меңдіқұл батыр туралы деректкр керек еді? Аахмет!

Пікір қалдыру