Бекет атаның ұрпағы

Бердіхан Аяпбергенұлы, Бекет атаның жетінші ұрпағы:
Ұстазы Бақыржан қажының көк асасына мұрагерлік еткен
-Бекет атаға көк асаны кім сыйлаған?
-Бекет ата Бақыржан қажының шәкірті болған. Оқу аяқталар шақта Бақыржан қажы қасиетті көк асатаяқты шәкірттерінің біріне сыйлайын десе, өзгелері де алғысы келіп, таласар түрлері бар. «Олай болса, — дейді ұстаз, асаны мешіттің төбесінен асыра лақтырып жіберемін, қайсысың тапсаңдар, соған батамды беремін, асаға да сол иелік етсін». Барлық шәкірт бірауыздан мақұлдасады. Пір асаны лақтырып жібергенде, шәкірттер сыртқа дүркірей ұмтылады. Мешітте тек Бекет отырып қалады. Басқалары асаны іздеп жан-жаққа кетеді. Алды үш-төрт күн дала кезіп, құр қол оралады. Бақыржан қажы шәкірті Бекеттен: «Сен асаны іздеуге неге ықылас білдірмедің?» — деп сұрайды. Бекет: «Уа, ұстазым, әуелі Алла, сосын сіз рұқсат етсеңіз, бұл қылығымның жайын айтып берейін. Бұл аса әзірге таптыра қоймайды. Құдіреттің күшімен ол әлі ұшып бара жатыр. Түсер жеріне жете қойған жоқ және ол тым шалғайда», — деп жауап береді. Пір ләм-мим деп ештеңе айтпайды. Асаны таба алмай, үміттерін үзген шәкірттер түгелдей жиналады. Оқу аяқталып, елдеріне қайтады. Ал Бекет кетуге асығар емес. «Шәкіртім, сен неге еліңе қайтпадың, енді не қарастығың бар?» — деп сұрайды ұстазы. Сонда Бекет: «Міне, аса енді түсті. Ендеше, менасаны табайын. Рұқсат етсеңіз, жолға аттанайын», — дейді. Бекет асаны бір айдай іздеп, Оғландыға жетеді. Сөйтсе, аса Оғланды маңында қадалып тұр екен. Бекет асаны ары тартады, бері тартады. Өзі білетін дұғаларын оқиды.әйтеуір, бір кезде асаны суырып алады. Асаны енді алдым дегенде, сол маңдағы бір қойшы бала: «Ол асаның мұнда түскеніне бірнеше уақыт болды. Мен алуға бел байлағам, бірақ ала алмадым. Негізі, бірінші болып көрген мен, бұл аса менікі», — дегенде, Бекет: «Олай болса алып көр», — деп, асаны орнына қайтып сұғады. Қойшы бала оны суырып ала алмайды да: «Тапқан қуанады, таныған алады» деген осы шығар», — деп, асаны Бекетке береді. Сонда ұстазы Бақыржан қажыға барады. Сонда ұстазы: «Енді бұл аса сенікі, сол Оғландыда мешіт сал, сонда бол. Сол жер сенің мекенің болсын», — деп батасын берген екен. Осылайша Бекет ата ұстазы Бақыржан қажының көк асасына мұрагерлік еткен.
-Бекет атадан соң қасиетті асаға кім иелік етті?
-Бекет атамыздан соң аса бес баласының бірі Бәйтеліге мұра болып қалады. Содан ұрпақтары Самалыққа, Самалықтың баласы Жантұрғанға, Салихқа, одан менің әкем Аяпбергенге ауысады. Аса 80 жылдай әкемнің иелігінде болып, сосын маған қалды. Алда да ұрпақтан-ұрпаққа мұра боп жалғаса бермек.
-Асаға сіз иелік еткелі қандай да бір таңғажайып оқиға болды ма?
-Иә, жақында жанарынан айрылған бір жан келіп, асатаяқтың қасиетіне сеніп, тілегін тілегенде, Алла оған жанар, нұр сыйлады. Көзі көріп кетті.
Сұхбаттасқан Сандуғаш Қуанышбайқызы

0 пікір

Пікір қалдыру