Қазақ – түкіргіш халық

Иә-иә, таласыңыз болмасын, сіздің де ауызға түкірген біреу бар болар. Болмаса, сүйкімді періште сәбиді көргенде «тіл-көзім тасқа» деп түкіріп қойып жүрген де шығарсыз. Ал бір үлкен іске кірісерде, міндетті түрде «алақаныңызға түкіресіз». Мұның болғаны әлбетте, өйткені бойыңызда қазақтың қаны ағып жатыр. Рас, сол бір сәтте қазақ халқы үшін түкірудің де үлкен роль ойнайтынына мән бермейтін боларсыз, бірақ… Халқымыз оған ерекше мән берген. «Мақтамен бауыздайтын» халықтың ең ауыр жазаларының бірі де – бетке түкіру болған…
Қазақ дәстүрінде кез-келген адамның бетіне түкіре бермеген. Ар-ұяттан безген, ауыр қылмыс жасап, қарабет атанған адамның ғана бетіне түкіреді. Онда да жеке-дара емес, бұл жазаны қауым болып өтеген. Көпшілігіміз үшін бетке түкіру дәстүрінің орындалуы әйгілі «Қыз Жібек» фильмінен таныс. Төлегенді өлтірген Бекежанның бетіне ауыл болып түкіреді. Қарабет атанған оның ең ауыр жазаға жегілгені белгілі. Бетке түкіру қыз балалары тұрмыстанбай жатып, етегі ашылатын болса, соларға қолданылатын жаза да болған. Әрине, бүгінде мұндай жазаның түрі қолданылмайды. Бірақ тарихи дереккөздерде сақталып қалған.
Ал «ауызға түкіру» – кеңестік дәуірдің салқынына шалдықса да, әлі күнге дейін зор мәнін жоймаған қасиетті ырымдардың бірі. Наным бойынша, аналар, әкелер ауылына келген батырлар мен билерге, өнер адамдарына, халыққа белгілі, көп көзіндегі жандарға жас сәбилеріне түкіртіп алып отырған. Ондағысы – «сәбиім өскенде сол кісілердей өнегелі болып өссін» деген ниеттері. Баласына түкірту үшін арбаланып, буынып-түйініп алыс шаһарларға сапар шеккен қазақ отбасылары да көп болған. Мұның бәрі қазақ сенімінің беріктігінің кепілі болар. Мұхтар ағамның (Шаханов) «Менің атымды неге Мұхтар қойған?» деген әйгілі өлеңі бар ғой. Сол ағамның бір қоңырау шалғанымда, «Сәбидің аузына түкірту – ежелден келе жатқан ырымдардың бірі. Ол баланың өміріне, кейінгі тағдырына расымен де әсерін тигізеді. Адамға ат қою секілді ғой, кімнің атын берсе, сол адамға тартады, кейін атын өзгертсе, тиісінше, оның тағдыры да өзгереді. Сондықтан бұл салттың астарында шындық жатыр. Шыңғыс Айтматовты бала күнінде Әуезовтың алдына аунатып алғаны бар емес пе, кейін Әуезовтың шарапаты тиген екі ұл – Шыңғыс екеуіміздің қалай дос болғанымызға өздеріңіз де куәсіздер. Қазір ауыл-ауылды аралағанда алдымызға балаларын әкеп, ырымдап түкіртіп алатындар көп. Маңдайынан сипап, бата беріп, меселін қайтармаймыз, әрине» дегені бар еді…
Түкірік дегеннің өзі түрлі ойға жетелейді екен. Иә, рас, қазақ түкіргіш халық. Бірақ… Әрине, түкіргеннің реті осы деп, төңірегіне былш-былш қаңсығын тастау – қазаққа тән емес. Ол – бейәдептілік. Әсіресе, қасиетті орындарда түкіру әбестік саналады. Мұхаммед Пайғамбар (с.ғ.с.) өз хадистерінде әбес түкіріктер жөнінде риуаят еткен. «Мешітте түкіру – күнә, ал оның кешірімі – оны көміп тастау. Қайсы біріңіз намазда тұрсаңыз, алды жағыңызға түкірмеңіз, өйткені сіз Раббыңызбен сөйлесіп жатқандай боласыз. Ал, намазда тұрған екенсіз, оң жағыңызға да түкірмеңіз, өйткені оң жағыңызда періште болар. Сол жағына немесе сол аяғыңыздың астына түкіріп, содан кейін оны көміп тастаңыз» делінеді хадистерде.
Оңды-солды түкірудің бізге сырттан келгені анық. Қазақ тәрбиесінде оған жол берілмейтін. Тіпті бүгінде кей буын өкілдері қолданатын «түкіргенім бар» тіркесі де «мне плевать» деген орыстың тілінен енген. Ең сорақысы, батыс елдерде, тіпті, алысқа түкіруден, «ерекше әдіспен» түкіруден жарыстар да өткізіліп тұрады. (Голливуд режиссері Джеймс Камеронның әйгілі «Титаник» фильмінде де мұндай эпизодтың барын ұмытпаған боларсыздар). Мұның бәрі қазаққа жат дүние. Әйтпесе, қазақ ешқашан «су ішкен құдығына түкірген емес».

0 пікір

Пікір қалдыру