Қала қазағы мен ауыл қазағы

Қазаққа метафораны көбейтіп алдық. «Жаңа қазақ», «шала қазақ». «Оңтүстіктің қазағы», «солтүстіктің қазағы». «Ұлтшыл қазақ», «космополит қазақ». «Қала қазағы», «ауыл қазағы»… деп кете береді. Демеске лаж жоқ, артында ащы шындық жатыр. Әсіресе, соңғысы жайлы сөз көп. Сонымен, қала қазағы мен ауыл қазағының он айырмашылығы қандай?
***
Ең бірінші айырмашылық, қонаққа барудан көрінеді. Қала қазағының тойы кешкі алтыда басталып, 11-12-де тарқап кетеді. Ауылдікі 4-5-ке шақырады, қонақтың басы 7-де келе бастайды, содан той өтіп, соңғы қонақ таң ата бір-ақ қайтады. Дәлірек айтқанда, үйіне апарып тастайды. Ауыл қазағының келуі де қиын, кетуі де қиын…
***
Екінші айырмашылық қонақ күтуден көрінеді. Қала қазағы қонақ келерден бұрын дастарқан жайып, тоңазытқыштағы етті енді қазанға түсіріп қайнатып күтіп отыратын болса, ауыл қазағы қонақ келгеннен кейін ғана қой сойып, етті қазанға сала бастайды. Асығатын не бар?..
***
Үшінші айырмашылық қандай? Үшіншісі сол піскен етті жеуден көрінеді. Қала қазағы ет турай алмай қиналады. Туралып келген ет болса, қуанып қалады. Бас ұстаудан қашады. Етті шанышқымен жейді. Ауыл қазағы сыншыл емес, бірақ табақ таңдайды. Бас келсе, кімге қандай мүше ұсынуды беске біледі. Бешбармақты бес бармақпен жейді. Ауылда білім төмен дегенді кім айтты екен?
***
Төртінші айырмашылық бар, мінезге қатысты. Қала қазағы ашуға жақын, асығады да жүреді. Ауылдікі болса, кең пейіл, сабырлы, дархан…
***
Бесінші айырмашылық қазақтың баласынан көрінеді. Қала қазағының баласы толып барады, фаст-фуд жеп, қозғалмай «контр страйк» ойнаған балаға тән қылық, ауыл баласы болса, әлі асықты ұмытқан жоқ. Жердің шаңын көкке көтеріп, доппен ойнайды, ләңгі де тебеді…
***
Алтыншы айырмашылықты қазақ келіндерінен көресіз. Қала келіндері орамалды ұмытқан, бұрымды кескен, ат тергеуді айтпағанның өзінде… Ауыл келіндері ақжарқын, шашын орамал астында ұстайды, ата сыйлайды, ене құрметтейді.
***
Жетінші айырмашылық бар. Қала қазағының жастары мешітке көп барады. Ауылда шалдар ғана. Қала қазағының үлкендері ішеді. Ауылда жастар ішкіш. Осы жағы өкінішті.
***
Сегізінші айырмашылықты жастар романтикасынан көреміз. Қала жастары қызына «Гүлденген әлем, ...-ден сәлем» деп хат жазуды ұмытқан. Одан гөрі sms әлдеқайда жеңіл. Терезе түбінде күтіп тұру жоқ. Ауылда мұның бәрі әлі бар. Жазда далада ұйқтасаң, құлағыңа небір ысқырықтар келіп жатады… әуендеткен…
***
Тоғызыншы айырмашылық. Қала қазағы Бритниді біледі, Джексонды біледі, Диманы біледі… Бірақ жеті атасын білмейді. Ауыл жастарының жеті атасын емес, өз жүзінің шежіресін жатқа соғатыны қуантады.
***
Оныншы айырмашылық бар. Ең өкініштісі. Қала қазағы ауылға барғысы келмейді. Ал ауыл қазағы керісінше, қалаға құмар… Сонда ауылда кім қалады?..

2 пікір

NurlanJanai
Он бірінші айырмашылықты мектептегі мұғалімдерден көреміз. Қала мұғалімдері өзі маманданған 1-2 сабақтан ғана білім береді. Ауылдың ұстаздары мұғалім жетіспей жатса, әріптесінің шұғыл шаруасы шығып қалса, кез келген пәннен сабақ береді.

Эстафетаны осылай жалғастыра берейік )))
Shapagat
Он екінші айырмашылық тілге байланысты. Қаладағы қазақтар көбінесе орысша сөйлейді. Ауыл қазақтары орысша сөйлегеннен гөрі қазақша сөйлегенді жөн көреді.

Пікір қалдыру