Қоғамды улаған өзге мәдениет

Жастардың өзге мәдениеттің жетегінде кетуі қоғамдағы ең өзекті мәселелердің біріне айналып отыр. Жасы, тіпті кәрісі болсын, еріккендердің ісіне еліктеп, ұлттық құндылықтарымыз бен әдеп-ибаны ұмытып бара жатқан сияқты. Кезінде естігенде жағамызды ұстайтын гот, эмо, хиппи, анимэ, рокер, панк, байкер сөздері бүгін үйреншікті ұғымдарға айналып отыр. Тіпті көшелерден көре қалсақ бірден айыра аламыз. Олардың арасында қазақ жастары да бар.

Блог - MarzhanSabet: Қоғамды улаған өзге мәдениет

Киім кию, шаш қою үлгілері, тіпті жүріс-тұрыстарының өзі қарапайым адамдардан ерекшеленіп тұрады. Басқа діни ағымдарды насихаттап, қоғамды адастырады. Әлеуметтанушылардың зерттеулеріне жүгінсек, әсіресе осы мәдениетке өсіп келе жатқан бала өтпелі кезеңінде еліктегіш. Бұның себебін анықтамақ болған америкалық ғалымдар: «Жастар өтпелі кезеңде өздерінің ішкі менін іздеуге бейім келеді. Осылайша олар қоғамнан ерекшеленудің жолын іздеуге тырысады. Сол себептен де өзге дүниелерге үйірсек келеді», – деген қорытынды шығарған.

Субмәдениеттің ішінде готтар мен эмоларға деген қызығушылық саны жастар арасында өсіп отыр. Мәселен, готтар ХХ ғасырдың 70-жылдары пайда бола бастады. Бірақ олардың жастар арасында ХХ ғасырдың 90-жылдары насихатталып, көп тарады. Олар мистикалық наным-сенімдерге жақын келеді және соған сәйкес киінеді. Сондай-ақ, қара түстерге, қосымша белгілері ретінде адамның бас сүйектері бейнеленген металл бұйымдарға, готикалық әуендерге қызығушылық танытады. Көбіне психологиялық күйзелістерді жиі бастан кешіретіндіктен, олардың арасында суицидке баратындар саны өте көп. Дінге қарсы қылықтар танытып, қара күштерге табынады.

Блог - MarzhanSabet: Қоғамды улаған өзге мәдениет

Жақында ғана осы готтарға байланысты бір оқиға басымнан өткен еді. Бірде, қоғамдық көлікте келе жатып, жанымда отырған әйел адамның даусынан селт етіп ояндым. Қобалжулы отырған апай ұялы телефонның арғы бетіндегі адамға: «Ол қыз – гот, сыныбыңа жолатпа. Готтар үшін өз өмірін қию түкке тұрмайтын дүние. Басыңа бәле тауып аласың. Сен сынып жетекші болғандықтан, қыздың әрбір іс-әрекетіне, тәрбиесіне жауапты боласың. Кейін ол өзіне-өзі қол жұмсаса, қайтесін?» – деп шыр-пыр болғанын естідім. Шындығында, бұл мен білетін бір ғана жастың оқиғасы. Ал қазіргі таңда қаншама қазақ жастары осындай топтардың жетегінде кетуде.

Гот сынды жасөспірімдеріміздің арасында кең етек жайған топтың тағы бір түрі – эмо. Бұл ұйымның шығу төркініне көз жүгіртсек, ағылшын тілінде emotional – эмоционалды деген сөзінен шыққан. Эмолар ХХ ғасырдың 80-жылдары стильдері өзгеше, панк¬тарға ұқсамайтын рок әуендерін айтып, топ ретінде құрылған. Олар өзара эмо-кидтер, скримо, френч-эмокерлер болып бөлінеді. Олар да готтар сияқты бұл өмірден түңіліп өмір сүреді. Бұдан олар ешқандай ерсілік көрмейді, керісінше нағыз өмірдің мәні осы деп түсінеді. Ішкі жан-дүниелеріне байланысты үстеріне қара мен күлгін түсті, қызықты суреттермен көмкерілген киімдер киеді. Эмолар өздерінің эмоцияларына қатты мән береді. Қысқа белдемше киіп, шаш¬тарын қызыл-жасылға бояп, түрлі-түсті темір-терсектерді тағып алып, одан қалса мұрнын, кіндігін тесіп, денесіне неше түрлі суреттер салып алып, алдыңнан көлбеңдей өткен кезде жаның ашиды. Қарап отырсақ, осы субмәдениет өкілдерінің барлығы дерлік рок му¬зыканың әсерінен пайда болып отыр. Ғалымдардың зерттеулеріне сүйен¬сек, рок әуендер – адамдардың жанын тыныштандырмай, керісінше жындануға дейін апарады екен. Сонымен қатар олар нашақорлықты дәріптейді. Бұл мәдениетке жастардың қызығуы сән қуып еліктеушіліктен, отбасылық жағдайдың нашарлығынан, рухани тәрбиенің жоқтығынан, адамдардан біржола көңілдері қалғандықтан бо-лады.

Техниканың дамыған замынында субмәдениеттің таралуына интернеттің де ықпалы зор. Бүгінде әлеуметтік желілердің өзінде осы топтардың 12000-нан аса жеке парақшалары бар. Әр әлеуметтік желідегі парақшаларға 500-ден бастап 15000 адам тіркелген екен. «Тәрбиенің бастауы тал бесіктен», – деп дана қазақ бекер айтпаса керек. Бүгінгі заманның жастары алтын уақыттарын өзге мәдениетті дәріптейтін фильмдерге телмірумен өткізеді. Соның салдарынан өздері ұнатқан образдарына еліктеп, солардың киім үлгілерін, іс-әрекеттерін қайталап өседі. Жат мәдениет табынушылықтан туындайды. 2008 жылы 2 шілдеде Ресейде осы мәселе күн тәртібіне қойылып, талқыға түскен. Яғни бала тәрбиесіне көңіл бөлу, олардың өзге мәдениеттің жетегіне кетпеуі сынды мәселелер қолға алынды. Ал Қазақстанда бұл мәдениетке қатыс¬ты ешбір шара қолға алынып, мәселе көтеріліп жатқан жоқ. Санасы өзгенің мәдениетімен уланған бүгінгі ұрпақтың ертең өзге мәдениетті қабылдап, ата-баба салтын ұмытып кетпесіне кім кепіл? Қазақ жастарының арасында соңғы он жылдың көлемінде белең алған бұл жағдайларға бүгіннен бастап тосқауыл қойғанымыз дұрыс болар еді.

P.S. Эмолар қатарына қосылғанын мақтаныш тұтатын Кәмшат есімді менің бір танысым бар болатын. Ол бұл мәдениетке осы әлеуметтік желілердің ықпалымен келген екен. Бірақ өзі жайлы сұрасаң, айтудан үзілді-кесілді бас тартады. Ол өзінің әдемі Кәмшат есімін бүгінде Кэммиге алмастырған. Оның өзінің араласатын ортасы бар. Бұрынғы достарымен қазір мүлдем араласпай кеткен. Ақкөңіл, ашық-жарқын жүретін қыздарының бұл жолға түскеніне қарсы болған ата-анасы бүгінде шарасыз күйде екенін айтып қынжылады.

Маржан Сәбет

1 пікір

DumanKenshilikov
Үлкен психологиялық тоқырау ғой бұл

Пікір қалдыру