Әр елдің салты басқа...

Әр елдің салты басқа демекші, жер бетінде қанша ұлт пен ұлыс болса, сонша түрлі мәдениет, салт-сана, наным-сенім қалыптасқан. Мәдениет пен өнер халық өмірімен қашанда тығыз байланыста екені белгілі. Ұлтымыз адамгершілікті, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуді өскелең ұрпақтың санасына сіңіре отырып тәрбиелеген. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген сөзді берік ұстанған дана қазақ тәрбиенің тал бесігін отбасы, ошақ қасынан бастаған. Сондықтан болар, қазақтың әр салт-дәстүрі үлкен мәнге ие. Ал өзге елдерде қалай? Олардың бізге таңсық қандай салт-дәстүрлері бар? Осы төңіректе әңгіме өрбітіп көрейік.

Әлемдегі ең бір кедей елдердің бірі – Бангладеш. Өте тығыз орналасқан Бенгалдықтардың 80% ауылдық жерлерде тұрады. Үйлерін бамбуктен, ағаштан немесе кірпіштен биік жерлерге салып, шатырын сабан, пальма жапырақтармен, бай, дәулетті дегендері қаңылтырмен жабады. Өзендер арнасынан асып, жайыла тасыған кезде жұрт бір-біріне көбінесе қайықпен қатынайды.Үйлердің айналасында аяқ басар бос жер болмайды. Әрбір сүйем жер дәнді дақыл егуге, шай және қант құрағын, сондай-ақ жеміс ағаштырын өсіруге пайдаланылады. Салт-дәстүрді берік ұстанатын бенгалдықтар үйлерін міндетті түрде ұлттық нақышта безендіреді. Бұл елдің кедей тұрғындарының өзі үйлерін сән-салтанатпен өрнектейді. Бенгалдықтарды нағыз кітапқұмар халық десек артық айтпаған болар едік. Оған себеп көшелерден жиі кезіктіруге болатын «кітапхана – автобусты» айтуға болады. Қызықты кітаптарға лық толы бұл автобустың жолаушылары барар жерлеріне дейін кітап оқып, жан дүниелерін мол мұрамен байыта отырып жетеді. Музыка – Бангладеш жұрты үшін өмірілерінің ажырамас бөлшегі. Бенгалдықтардың дәстүрлі әндері Баул деп аталады. Баул – осыдан жүздеген жылдар бұрын Батыс Бенгалияны мекен еткен кезбе жыршылардың әні. Бұл сөздің мағынасы «Киелі сотқар» дегенді білдіреді. Баул әнін орындаушылардың қандай жағдай болмасын жанынан тастамайтын мүліктері – киімі және музыкалық аспаптары. Одан өзгені жандарына серік етуден үзілді-кесілді бас тартады. Бенгалдықтар Баул орындаушыларын қызғыштай қорып, олардың қауіпсіздігін қаматамасыз етіп отырады. Баулдан өзге дәстүрлі әндерінің қатарына Гомбхира, Бхатиали, Бхавайя жатады. Бұл фольклорлық әндерді көбіне бір ішекті эктара аспабының сүйемелдеуімен орындайды.Бангладеш асханасы Орта-Азия елдерінің асханаларының тағамдарынан еш айырмашылығы жоқ. Олардың өте көп пайдаланатын тағамдары – күріш пен кари. Олар сүттен неше түрлі тіл үйретін тәттілер жасап жегенді жандары сүйеді. Ұлттық тағамдарына расгулла, чамчам, каложам жатады.

Блог - MarzhanSabet: Әр елдің салты басқа...

Бенгалдықтар ырым мен тыйымға қатты сенетін халық. Бұл көріністі әсіресе ауылдық жерлерден анық көруге болады. Олар алдарынан бос тостағанды, құс өлексесін, тақ сандарды, үзіліп қалған жіптерді көре қалса бітті жаман ырымға балап, сағы суға кетеді. Бангладеш ұлты дүниеге ұл бала келсе болды, «үйімізге береке келді», — деп қуанады. Ал қыз балалардың туылғанын аса қатты ұната бермейді. Олар қыз баланы өзге шаңырақтың киесі деп санайды. Қыз бала тұрмысқа шыққаннан кейін толықтай күйеуінің меншігіне өтеді. Ал ұл бала олар үшін ұрпағының жалғасы, қартайғанда асырайтын өз үйінің иесі. Бұл елдің жастары үлкендерді қатты сыйлайды. Ата-аналары балаларын бұл қасиетке кішкене күнінен бастап үйретеді. Тіпті олар үлкендерге тіл тигізбек түгілі, қарсы шығып сөйлемейді. Жасы кішілері үлкендердің аяғына басын еңкейтіп, қолымен аяғына тағзым етіп амандасады. Олар әке-шешелерінің таңдаған қыздарына үйленеді. Егер ата-анасының таңдаған қызы көңілінен шықпаса, неке заңды болып есептелмейді. Тойды міндетті түрде күйеу жігіттің ата-ансы жасайды. Той кезінде жас жұбайлар неше түрлі сән-салтанатқа толы гүлдермен көмкерілген орында отырады. Олардың ешбір тойлары дін қызметкерлерінсіз өтпейді. Той өткізілгеннен кейін олар көп емес, біраз уақытқа ата-аналарынан бөлек үйге шығып кетеді.

Блог - MarzhanSabet: Әр елдің салты басқа...

Бұл елге бара қалсаңыз олармен қол алысып амандасам деп әуре болмаңыз. Жақсы танымайтын адаммен қол алысып амандасу бенгалдықтар үшін жат нәрсе. Тіпті танымайтын адамға жай ғана қол тигізудің өзі қылмыс саналады. Тек ер адамдар ғана жақсы таныс адамдармен қол алысып амандасады. Дастархан басында тамақты олар оң қолымен жейді. Ас ішу кезінде қасық шанышқыны пайдаланбайды. Олар жерге дастархан төсеп отырып ас ішкеді дұрыс санайды. Дастарханның орнына олар бананның үлкен жапырақтарын пайдаланады. Кейде бұл жапырақ түрі тамақ ішетін ыдыстың және майлықтың да орнын алмастырады. Тамақты барлығына ортақ етіп дастарханның қақ ортасына қояды. Тамақ ішіп отырған кезде аяғын көрсетіп отыру жат қылық болып есептеледі. Дастархан басында отырған кезде олар аяғын киімдерімен қымтап отырып ішеді. Бенгалдықтардың үйіне қонаққа бара қалсаңыз ақша немесе, спирттік сусындарды сыйлай көрмеңіз. Бұлай етсеңіз үлкен реніш тудырасыз. Оның орнына тәттілер немесе жеміс-жидек сыйласаңыз, олар бір қуанып қалады. Олар үшін ең керемет сыйлық сырты өте әдемі болып безендірілген кітап. Тіпті ол өзі білмейтін тілде жазылса да олар үшін ең құнды сыйлық саналады. Міне осындай қасиеттерді бойына жинаған Бангладеш елі – өте бауырмал, асқан ұқыпты, білімге құштар, салт-дәстүрге берік халық.

Блог - MarzhanSabet: Әр елдің салты басқа...

Ал Португалия елінде жағдай мүлдем басқа. Португалия астанасы Лиссабон, түрлі-түсті үйлерімен, базальт төселген көшелерімен, ғимараттары әртүрлі реңді керамика тақтайшалармен көмкерілген. Көшелерінен ара-тұра көненің көзіне айналған ескі трамвайларды байқап қалуыңыз ғажап емес. Түскі 12.00 мен 15.00 арасында бұл жерде өлі тыныштық орнайды. Бұл уақыт арасында ашық тұрған дүкендерді, музейлерді, асханаларды таппайсыз. Тек күннің ыстығы қайтқан шақта ғана үйіңізден шығып, көрікті жерлерге көз тастауыңызға болады. Тіпті мейрамханаларының өзі тек кешкі 10-ға дейін сізге қызмет көсетеді. Қала кереметтерін, туристерге арналған шағын трамвайға отырып, тамашалауға барлық жағдай жасалған. Кешкі Лиссабон мүлде өзгеше күйге енеді. Қызылды-жасылды отшашулар қала көркін одан әрі әрлендіріп, қыздыра түседі. Егер жағалауға бара қалсаңыз, Сагрише мыс Сан-Висентиге ат басын бұрыңыз. Тарихтан белгілі, ол жерде бұрындары көптеген географиялық жаңа жерлердің ашылуына себепкер — теңіз жүзушілер мектебі болған. Кобо-де-Рока жеріне бара қалсаңыз, көрікті жерлерімен танысып қана қоймай, елдің ең батыс нүктесінде болғаныңыз үшін арнайы «мәртебелі куәлікке» ие боласыз. Содан кейін, «жердің шетін көрдім» деп мақтануыңызға әбден болады. Ар-намысын жоғары бағалайтын ұстамды ел. Олар ешкімнің алдында абыройының төгілуіне жол бермейді. Сыртқы бет-әлпетінің, киімінің әдемі болып тұрғаннын жандары сүйеді. «Кісіні киіміне қарап қарсы ал» деген мақалдары сондықтан да айтылған болуы керек. Олардың амандасу әдебіне келетін болсақ, аса танымайтын адамдарымен қол алысып амандасады. Ер адамдары бір-бірін құшақтап амандасса, ал әйел адамдары ең алдымен оң, одан кейін сол бетінен сүйіп амандасады. Олар қонақ күткенді ерекше ұнатады. Португалдықтар қонаққа баратын үйіне міндетті түрде сыйлық ала барады. Қонақтар үйге кіргенде аяқ киімдерін шешпей кіреді. Қонақта отырып олар отбасы мәселесі, жеке бас құпиясын сөз еткенді онша ұнатпайды. Дастархан басында олар саясат жайлы, сауда-саттық, Еропа одағы, ал кейде, ауа-райы жайлы сөз қозғағанды жөн көреді. Алғаш рет дастархандас болып отырған адамының өте көңілді, ашылып сөйлесіп отырғандығын, шеттен шыққандық деп бағалайды. Бір-бірін баяғыдан танитын адамдар кездесуге кешігіп келіп жатса, оған мән бермейді. Ал таныс емес адамды кездесуге шақырып, ол адам кешіксе, бұл қылығын сыйламағандық деп есептейді.

Блог - MarzhanSabet: Әр елдің салты басқа...

Португалия елінің қызықты, өзгеше салт — дәстүрлері жетерлік. Әсіресе олар үйлену тойларын өте қызықты өткізеді. Португалдықтар ерте отау тіккенді құп көреді. Олар қыздарының 16 жасында тұрмысқа шыққанын, ал ұлдарының 19-20 жасында үйленгенін мақұлдайды. Міне осы уақытты олар отбасын құруға ең қолайлы уақыт және дені сау ұрпақ осы уақытта дүниеге келеді деп есептейді. Олар той күнін көбіне сенбі күніне белгілеп, тойға қызу дайындыққа кірісіп те кетеді. Тойға бір апта уақыт қалғанда, жас жұбайлар, ең жақын деген дос-жарандарының үйін аралап, оларға арнайы шақыру қағаздарын таратады. Тойға таяу аптаны олар «нойвуш» деп атайды. Нойвуш кезінде қалыңдық себетін тәтті тоқаштарға толтырып, шақыру қағазымен бірге достарына таратады. Себет міндетті түрде жаңа болу керек деген наным бар. Және шақыру қағазын берген адамы тәтті тоқашты алудан бас тартса, жаман ырымға балап, жас жұбайларды сыйламағандық деп біледі. Шақыру қағазын алып келген қалыңдықққа міндетті түрде сый-сыяпат беріп жібереді. Жас жұбайлар кімнің үйінде тұрғысы келсе, тойды соның ата-анасы жасайды. Ең қызығы, олар тойдың дастарханына қойылатын ас-ауқатты өздері сатып алмайды. Той болатын күннің таңертеңінен бастап қонақтар, жас жұбайлардың тойының дастарханына қойылатын тамақтарды өздері беріп жібереді. Португалдықтардың салт-дәстүрі бойынша, үйлену тойына келген қонақ, тойда жейтін тамағын өзімен бірге алып келуі керек. Ал жастардың ата-аналарының басты міндетті шарапты қонақтарға жетіп артылатындай етіп алу. Егер той кезінде шарап таусылып қалар болса, нағыз масқара жағдай болады. Ерте тұрып жас жұбайлар өздері тұратын үйге міндетті түрде гүлден жасалған қақпа орнатады. Тойға бара жатқан жолда оларға арнап жеміс бағын жасайды. Жеміс бағында тек алма мен лимон болады. Қалыңдық лимонды, ал күйеужігіт алманы үзіп алады. Содан кейін олар қолдарындағы жемістерді бір-бірімен ауыстырады. Лимон отбасылық өмірдің тәтті болуын сипаттаса, алма қалыңдықтың әрқашанда күйеуін сыйлау керек екенін білдіреді. Жас жұбайлар шіркеуге жаяу, ал кейде арнайы күймемен барады. Жас жұбайларды қонақтар ерекше қошемет көрсетіп қарсы алады. Той ортасында қалыңдық пен күйеужігітке тәтті конфеттер мен жаңғақтарды тойғандарынша жегіздіреді. Кейде жастар ата-аналарының шешімімен келіспей, өзара келісіп үйленетін болса, оларға той жасап, үй дайындап бермейді. Олар ата-анасының көмегінсіз өздері ақша жинап, өз қамдарын өздері жасайды. Жас жұбайлар той өткізбегендіктен бір-біріне сыйлыққа сақина, кейде өз қолдарымен жасаған кесте сыйлап жатады. Егер кесте сыйласа оған міндетті түрде ұсақ тиындар береді. Бұл ырымның мақсаты «ешқашан жыламасын» дегенді білдіреді екен. Ешқашан асықпайтын, өте сыпайы, сән-салтанат пен ғажайыпқа толы Португалия елі бейбітшілік пен тыныштық жайлап, ынтымағы жарасқан бауырмал ел. Сан ғасырлық тарихын бір арнада тоғыстырып, оны жоймай, ұрпақтан-ұрпаққа сақтап келе жатқанын көз тұндырар көрікті орындарынан байқауымызға болады.

Блог - MarzhanSabet: Әр елдің салты басқа...

Әлемдегі барлық ұлттар мен ұлыстар осындай өзіндік ерекшеліктерімен дараланады. Бүгінгідей дамыған заманда, әр халықтың өркениеті мен мәдениеті, салт дәстүрлері өзгеріске ұшырап жатқаны мәлім. Бірақ бәрібір ұлттық сана мен ұлттық рухты жою мүмкін емес.
Маржан СӘБЕТ

1 пікір

amananel
Бангладеш халқының салт — дәстүрлері өзіміздің қазаққа ұқсас екен. Әсіресе, үлкенге құрмет, дүниеге ер бала келсе қуанып, қыз бала келсе жат жұрттық деп есептегендері. Кітапқұмарлықтары мен кітапхана — автобус идеялары ұнады, алайда біздің қалада (Алматыда) ондай бола қоймас: көлікте адам тым көп. Байқауым бойынша таныс емес адамдарға тым ашық бола бермейді, ал бұл керісінше қазақ менталитетіне жат. Себебі, біздің халық, тіптен жолаушыларды үйлеріне қонақ етіп сыйлаған.
Португалияда болса жас кездерінде үйленетін салттары қызық көрінді. Мен әрдайым бұл тек Азия халқында ғана кездеседі деп ойлағанмын. Сонымен қатар келешекте Португалияға жол тартып, сонда қалыңдық тәтті берсе, бас тартпасым анық.
Жалпы, жазба өте қызықты. Авторға пайдалы ақпарат үшін рахмет. Келесі жолға келесі кеңес берер едім: жазбаны бірнеше бөліктерге бөлу, визуалды түрде мәтінді қысқарту әрі оқуға ыңғайлы еті. Себебі, интернетте ұзақ әрі қысыңқы мәтінді қабылдау қиын.

Пікір қалдыру