Мистер Х: виртуалды әлем махаббаты

– Привееет…
– Салем
–Таныспыз ба?
– Жоқ, бірақ сіз маған дружба предлогать еттіңіз…
– Ммм!
– Кай жактансыз?
– Алматыдан. Сіз?
Блог - AkbotaErbolkyzy: Мистер Х: виртуалды әлем махаббаты
Таныс диалог па?! Әрине, мұндай жағдай сіздің де басыңыздан өткен шығар! Шыны керек, бүгінде ғаламтор қызметіне жүгінбейтін қолданушылар саны кемде-кем. Бірі қажетті ақпаратын іздесе, бірі махаббатын таба алмай, әлек. Ал интернет арқылы қауышып, болашақ өмірлерін бірге тоғыстырғандар саны қаншама?!
Агенттегі тұзақ
Қазіргі уақытта «Агенттегі махаббат» термині дамып, «Вк-дағы» қара тізіммен аяқталатын кезге де келіп жетті. Әлеуметтік желілердің қол жетімділігінің арқасында, жастар арасында «Ғаламтор махаббатына» сенетіндер қатары көбейді. Қала берді, шынайы өмірде жұбын кезіктіре алмай, виртуалды әлемді торуылдап жүргендер. Шындығында ермекке айналған желі, біріне өмірлік бақ әкелсе, біріне сабақ болып тиіп жатқандығы да рас.
«Қолым қалт етсе әлеуметтік желіде отырамын»,- деп бастады әңгімесін Ғазиза. «Бір күні Нұрбол есімді жігіт достық жіберді. Суретіне қарасаң, сымбатты жігіт екен. Қабылдаған соң, өзін экономистпін деп таныстырған жігіт, үйленбегендігін, қалада тұратындығын жаза бастады. Мен тұратын орталықты жақсы білетіндігін, достарымның біраз бөлігімен таныс екенін айтты. Әңгімеміз жарасып, бір-бірімізді бұрыннан танитын адамдар секілді сөйлесе бастадық. Нөмерімізді алмастырғалы бері, қолымнан ұялы телефоным түспейтін болды. Бауыр басқаным соншалық, оны болашақ жарым деп елестетіп, қиялға берілетінмін. Содан не керек, арада біраз уақыт өткен соң, ол мені кездесуге шақырды. Келісілген уақыт бойынша мекен-жайға бардым. Қарасам суреттегі адам емес. Мүлде бөлек ер адам. Әйелімен ажырасқан, екі баланың әкесі, көршім. Тілім байланып, не дерімді білмей абдыраған күйде сасқалақтап қалдым. Мені қорқытып алмайын деді ме, «Авадағы сурет жиенімдікі, саған өзімнің кім екендігімді айтсам сөйлеспес едің, сен маған ұнайсың, мені түсінші», — деп ақтала бастады. Үлкен кісінің арсыз қылығына жиіркенген бойы ол жерден кетіп қалдым. Қорыққанымнан нөмерімді ауыстырып, агент деген бәледен шығып кеттім. Әлеуметтік желідегі әрбір екінші адам өзі жайлы жалған ақпарат беретіндігін біле тұра, ол кісімен танысып, тіпті кездесуге барғандығыма ұялдым», — деп басынан өткен оқиғасымен бөліскен болатын.
Ғаламтор ғаламаты
Бұны ғаламтордың ғаламаты дейміз бе, әйтеуір интернет арқыл¬ы танысу біреудің со¬рына айналғандығымен, біреудің бағын ашуда. Қала берді, «екеуі интернет арқы¬лы танысқан екен» деген сөзді де жиі естиміз. Дерек көздері әлеуметтік желіні қолданушылардың 29% есімі мен жасын, 23% отбасылық жағдайын, 22% түр-әлпетін, 17% білімі мен жұмысын өтірік көрсететінін айтқанымен, виртуалды әлемнің махаббатына кедергі болмақ емес. Себебі Қазақстанда 5,6 мил¬лион адам әлеуметтік желілерді күн¬делікті пайдаланатындығын ескерсек, қаншама жастарымыз күнделікті бір-бірімен танысып, табысып жатыр.
Жақында бір танысым тұрмыс құрды. Оның айтуынша, жолдасымен «вк» әлеуметтік желісі арқылы танысыпты. «Алғашында мен оған мән беріп қарамадым. Желідегі екі жүз досымның қатарына қоса салдым. Күнделікті «Сәлем, қалайсың?»,-деп сөйлесіп тұратынбыз. Уақыт өте келе нені ұнататынымызды, қызығушылықтарымыз туралы сөйлесе бастадық. Бірнеше күннен кейін кездесуге шақырды. Қолында бір құшақ гүлімен қарсы алған сымбатты жігіт, парасаттылығымен жанымды баурап алды. Осылайша таныстығымыз махаббатқа ұласып, бір жыл кездескен соң отбасын құрдық. Бүгінде қара шаңырақтың түтінін түзу түтетіп отырған жарасымды жанұямыз»,- деп ашығын айтқан еді.
Шынайы өмір статусы
Психологтардың айтуынша, ғаламтормен танысып, шаңырақ көтерген дұрыс емес. Өйткені, мұндай махаббат көп ретте баянды бола бермейді. Адам әлеуметтік желімен тілдескенде шынайы болмысын көрсетіп, шынайы сөйлеспейді. Қиялынан бір образды ойлап алады дағы, сол образға еніп алып, өзгелермен хат жазысады екен. Қыз-жігіттердің кездескен соң өмірде мүлде басқа адам екен деп, сөйлеспей кететіндігі де содан шығар.
Ғаламтор ــ сіз бен біз үшін іздегенде не қажеттің бәрі табылатын қазына секілді екені рас. Жаһандану заманында адамға бұл технология ауадай қажет. Дегенмен интернетті қолданушы дұрыс мақсатта пайдалана білсе дейміз. Себебі, өндіргіш күштерді өркендеуге жебейтін де, адамды бұрыс бағытқа бұрып аздырушы да — ғаламтор. Сондықтан жалған дүниенің экрнанына телміргенше, шынайы өмірден жұбыңызды табыңыз.

Ақбота Ерболқызы
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, журналистика факультетінің 4-курс студенті.

1 пікір

AlmasNakhypbek
Адам әлеуметтік желімен тілдескенде шынайы болмысын көрсетіп, шынайы сөйлеспейді.

Өмірде де өзінің шынайы бетін көрсетпейтіндер аз емес. Менің ойымш, қатты айырмашылық жоқ, нақты осы тұста.

Пікір қалдыру